Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты ел игілігіне табысталды. Салтанатты шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, академик, жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев пен «Саутс Ойл» мұнай компаниясының басшысы Серікжан Сейтжанов, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жаңа ғимаратта өнерлі жастар тәрбиелене беруіне тілек білдірді.
Аймақ басшысы өнер қайраткерлерінің лайықты ізін жалғайтын өнер ордасының Сыр мәдениетінің қарашаңырағына айналғанын атап өтті.
“Елу жылға жуық тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі Сыр топырағында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне зор үлес қосып келеді.
Бүгінге дейін оқу орны талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта қиындықтарға қарамастан жастарға білім беріп, өнерге баулыды.
Жаңа ғимаратта студенттерге барлық жағдай жасалған. Үлкен концерт, би залдары, хор бөлмесі бар.
Кең музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай келетін 200 орындық жатақхана шалғай елді мекеннен келген жас өрендерді қабылдауға дайын.
Күн сайын жаңарып, жасарған Сыр өңірінің жаңа келбетіне көрік берген музыкалық колледждің ғимаратын салуға демеушілік жасап, қолдау көрсеткені үшін «Саутс-Ойл» компаниясының басшысы, елімізге белгілі меценат Серікжан Сейтжанұлына барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бұл ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Жаңа нысан баршамызға құтты болғай!”, – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты шарада Серікжан Сейтжанов пен Руслан Рүстемов жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, Президентіміздің «Туған жерді бірге түлетейік!» үндеуі аясында кәсіпкер-меценаттар, қоғамдық қорлар бұл бастаманы қолдап, Сыр өңірін көркейтуге өз үлестерін қосуда. Бүгінде аймағымызда демеушілікпен 55 млрд. теңгеден астам қаржыға жаңа жобалар жүзеге асып келеді.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес “Қорқыт Ата әуежайының” жаңа терминалы ашылды. Жобаны іске асыруға “Болат Өтемұратов қоры” 16 млрд.600 млн. теңге инвестиция салды.
Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд. 300 млн теңге қаржы бөлінді. «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірге “Үстел теннисі орталығы”, «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі “Оқушылар сарайы” салынып, ел игілігіне қызмет етуде.
Жеке инвесторлардың, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының қолдауымен теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілді.
Биыл “Қазақстан Темір Жолы” компаниясының қолдауымен барлық аудандағы теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтуде.
Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығы салынып пайдалануға берілді.
Президентіміз жариялаған «Балалар жылы» аясында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен облысымызда 80 спорт-ойын алаңы салынды.
Демеушілердің қолдауымен 50-ден астам үйдің қасбеттері заманауи панельмен қапталды, аулалар абаттандырылып, заманауи спорт алаңдары, тротуарлар, жарық бағаналары жаңартылды.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Орталық алаң жерлесіміз Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен жаңғыртудан өтті.
Демеушілікпен Жаңақорған ауданында заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» бой көтерді.
Осындай абаттандыру жұмыстары барлық аудан орталықтарында, ауылдарда да жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жүргізілуде.
Демеушілер есебінен Арал ауданы, Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына құны 500 млн. теңге болатын мектеп салынды.
Қызылорданың Түркістан облысымен шекарасында кіреберіс қақпа ашылды.
Жақында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қолдауымен денешынықтыру- сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен жаңадан «Достық үйі» бой көтеруде.