Шортанды ауданында 19 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда аудан экономикасына қаржы тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Ауқымды жобалардың бірі – «Қазақстан Орманы» ЖШС-нің орман тәлімбағы. Жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын жобаның алғашқы кезеңіне 1,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Аумағы 485 гектарды қамтитын кешенде суару жүйесі мен су жинақтау қоймасы бар заманауи өндірістік база құрылған. Екі маусымда түрлі ағаш түрлерінен бір миллионнан астам көшет отырғызылды.
«Шортанды ауданы инвестициялық белсенділіктің тұрақты өсімін көрсетіп келеді. Әр жоба – жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері, өңірдің дамуына серпін. Бизнесті қолдау, инфрақұрылым және өткізу кепілдігі – инвестор тартудың басты тетіктері», – деді өңір басшысы.
Бозайғыр ауылындағы «Бозайғыр» ЖШС-нің кірпіш зауыты өндіріс қуатын қарқынды арттыруда. Жоба толық іске қосылғанда жылына 120 миллион дана кірпіш шығаруға қауқарлы болады. Жалпы инвестиция көлемі – 5 миллиард теңге. Қазіргі таңда зауыттың жаңа блогы салынуда – жер жұмыстары аяқталып, жабдықтарды жеткізу күтілуде. Құрылыс кезеңінде 100 адам жұмыспен қамтылса, іске қосылған соң тағы 30 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жыл басынан бері Шортанды ауданына тартылған инвестиция көлемі 5 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 85 пайызға көп. Құрылыс жұмыстарының көлемі екі есеге жуық артқан. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны да артып келеді.
Өңір әкімі ауданда инвестиция тарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмысты бағалады.
«Әр салынған теңге нақты нәтиже беруі тиіс. Біз жұмыс орындарын ашатын, жергілікті өндірісті дамытатын және тұрғындардың өмір сапасын арттыратын жобаларды қолдаймыз. Ауданның тұрақты дамуы – осы бағыттармен тығыз байланысты», – деп атап өтті облыс әкімі.
Сапар барысында Бозайғыр ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты. 300 орынға арналған спорт нысанында бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыс сапары қорытындысы бойынша аудан әкімдігіне инвестициялық жобаларды сапалы әрі мерзімінде іске асыруды, олардың толық сүйемелденуін және нақты секторға қаржы тарту жұмысын жалғастыруды қамтамасыз ету тапсырылды.