АҚШ президенті Дональд Трамп 2004 жылдан бері қолданылып келген Сирияға қарсы санкцияларды тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде Ақ үй хабарлады.
«Дональд Трамп Сирияның бейбітшілік пен тұрақтылыққа ұмтылысын қолдау мақсатында осы елге қарсы санкциялық режимді тоқтату жөніндегі тарихи президенттік жарлыққа қол қойды», — делінген АҚШ президенті әкімшілігінің хабарламасында.
Атап айтқанда, бұл жарлық кейбір тауарларға қатысты экспорттық бақылауды жеңілдетеді және елге шетелдік көмек көрсетуге қойылған шектеулерді алып тастайды.
АҚШ Сирия үкіметін Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге және шетелдік террористерге қарсы күресті тиімді жүргізуге шақырды.
Мәскеуге қашып кеткен бұрынғы президент Башар Асад пен оның жақтастарына қатысты санкциялар күшінде қала береді.