Ақмола облысының диқандары Эстония портының инфрақұрылымын пайдалана отырып, бидайды Италия мен Бельгияға экспорттап жатыр.
Биылғы жылдың 7 айындағы деректерге сәйкес, Эстония порты арқылы 145 мың тонна астық жөнелтілді. Оның ішінде Бельгияға – 28 мың тоннадан астам, Италияға – 110 мың тонна, Эстонияға – 6,5 мың тонна экспортталды.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында облыс әкімі Эстония Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Ақмола облысы мен Muuga Grain Terminal астық терминалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл келісім өңір өнімдерінің еуропалық нарыққа шығуына жаңа мүмкіндіктер ашты.
Жеткен уағдаластықтардың арқасында өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері эстондық терминал арқылы экспорттық жеткізілімдерді тікелей жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болып, бұл жеткізу географиясын кеңейтуге және қазақстандық астықтың Еуропадағы позициясын нығайтуға жол ашты.