2025 жылғы 21 тамызда Қостанай қаласында «Азаматтық белсенділік – тиімді қоғамдық бақылаудың құралы» тақырыбында Қостанай облысының XII Азаматтық форумы өтті.
Форумға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен белсенді азаматтар қатысты.
Форум бағдарламасы салтанатты ашылу рәсімімен басталды. Кейін қатысушылар екі тақырыптық секциялар жұмысына кірісіп, онда жергілікті өзін-өзі басқару, бюджеттің ашықтығы мен есебі, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың жүзеге асырылуын қоғамдық бақылау тетіктері, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіру мәселелері талқыланды. Азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне «Халық қатысатын бюджет» арқылы қатысу мүмкіндігіне ерекше көңіл бөлінді.
Форум барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова әлеуметтік жобаларды іске асыру кезінде, әсіресе ауылдық және шағын елді мекендерде, сараланған тәсілді және рәсімдерді жеңілдетуді енгізудің маңызын атап өтті.
Форум қорытындысы «ашық микрофон» форматындағы пікір алмасумен және үкіметтік емес сектордың белсенді өкілдерін марапаттау рәсімімен аяқталды. Іс-шара мемлекеттік саясатты іске асыруға азаматтарды тарту тетіктерін талқылап, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды диалог алаңына айналды.