Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі – Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Дүйсенбі, Қыркүйек 1, 2025
  • Біз туралы
  • Портал тәртібі
  • Байланыс
Қазақша
Русский
Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Аймақ
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Білім
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Басқа…
    • Жаһан жаңалықтары
    • Қылмыс пен жаза
    • Өнер
    • Фотогалерея
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Аймақ
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Білім
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Басқа…
    • Жаһан жаңалықтары
    • Қылмыс пен жаза
    • Өнер
    • Фотогалерея
No Result
View All Result
Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
No Result
View All Result
Басты бет Басты жаңалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі

01.09.2025
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі

ҚХР, Тяньцзинь қаласы

Мемлекет басшысы Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді.

– Құрметті Си Цзиньпин мырза, Сізді және барша қытайлық достарымызды елдеріңіздің Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуімен құттықтаймын. Қазақстан ШЫҰ шеңберіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты, экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған Қытайдың сарабдал саясатын жоғары бағалайды. Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы күрестегі жеңісінің 80 жылдығы және Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығы секілді қос тарихи мерейтой қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі Саммитке ерекше мән береміз. Бұл айтулы даталар барша адамзатқа жер бетіндегі халықтың берекелі өмір сүруіне, бірлігі мен ынтымағын арттыруға қызмет етуі қажет. Сондай-ақ тарихи шындықты бұрмалауға жол бермей, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеп, шынайы құндылықтарды ұстануға үндеуі керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде танитынын атап өтті.

– Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді. ШЫҰ жарғылық құжаттарының негізгі қағидаттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұлымдыққа», яғни, терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте күш-жігер біріктіруді өте өзекті санайды. Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтастық нышанына айналған «Шанхай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуаттаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ны дамытудың басым бағыттары жөніндегі көзқарасын жеткізді. Ең бірінші басымдық – Ұйым аясындағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайту.

– Геосаяси қақтығыстардың ушығуы, технологиялық бәсеке, қаржы-экономикалық санкция, экологиялық және техногенді апаттар белең алған кезеңде ШЫҰ саяси ықпалдастықты кең ауқымда үйлестіруге, халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастық пен өркениетаралық диалогты дамытуға арналған тұрақты алаңға айналуға тиіс. Осы орайда Қытай Төрағасының жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, жаһандық өркениет және жаһандық басқару жөніндегі бастамаларын оң бағалаймыз. Біз бүгін қабылдайтын ШЫҰ-ның онжылдыққа арналған даму стратегиясын толық жүзеге асыру аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі.

– Халықаралық қауіпсіздікке төнген мұндай сын-қатерлерге, соның ішінде «үш зұлымдыққа» қарсы бірлесіп қана күресе аламыз. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдайды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес арасында іскерлік байланыстарды күшейту маңызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырамын. Сол арқылы аталған мемлекетті қалпына келтіріп, өңірлік және экономикалық процестерге қатыстыра аламыз. Қазақстан Ауғанстанның бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларының құрылысына кірісті. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді. Тамыз айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қатысуымен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ресми түрде ашылды. ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге барлық басым бағытта белсенді аймақтық байланыс орнату және күш-жігерді үйлестіру үшін аталған Орталықтың әлеуетін бірлесе пайдалануды ұсынамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты іс-қимылын қолдайды.

– ШЫҰ құрылған сәттен бері елдеріміздің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 миллиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті.

– Бұл жаһандық бастама «Бір белдеу, бір жол» бағыты бойынша сауда-логистикалық операциялардың барлық қатысушысына жыл сайын 1,5 триллион долларға дейін пайда әкеле алады. Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі мол. «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. Ірі жобалар мен жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы көлік байланысын нығайтып, транзиттік-тарифтік стратегияға сай келетін тәсілдерді ойластыруымыз керек. Бұл мәселе Ақтау қаласында қараша айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы форумындағы келіссөздер мен пікірталастарға арқау болуы мүмкін, – деді Президент.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл істі кейінге қалдыруға болмайды. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды.

– Басқа стратегиялық бағыттарға қарағанда аталған саланың дамуы өте жылдам. Жасанды интеллектіні қарқынды дамытуда ШЫҰ әлемде көш бастай алады деп есептеймін. Сондықтан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру туралы ұсынысын толық қолдаймыз. Мұндай өте маңызды іске қомақты үлес қосуға дайынбыз. Қазақстан цифрландырудың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты арттыруды, соның ішінде экономиканың нақты секторларына, денсаулық сақтау ісіне, көлік-логистика саласына, қалаларды басқару жүйесіне «ақылды шешімдерді» енгізуді қуаттайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.

– Алғашқы кездесуді Астанада Digital Bridge беделді форумы аясында өткізуге дайынбыз. Бұдан бөлек, еліміз 2027 жылы «ШЫҰ-ның экономика қызметіндегі жасанды интеллект» тақырыбында жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруға ниетті. Ал келесі жылы Ұйым елдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге жаңа технологиялық дәуірдегі ақпараттық саясат проблемаларын талқылауға әзірміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады.

– Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толатынын еске салды.

– Халықтарымыздың игілігі жолында шын мәнінде салмақты, жан-жақты пысықталған нәтижеге қол жеткізу мақсатында бұл датаға кеңінен ойластырылған, ұтымды ұсыныстармен келген дұрыс. «Шанхай рухының» жасампаз құндылықтарын ілгерілетуге табанды әрі табысты күш-жігер жұмсағаны үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға тағы да алғыс айтамын. Бүгінгі Саммит халықаралық қатынастар жылнамасына көпжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан нақты шешімдер қабылданған жемісті форум ретінде енетініне сенімдімін. Ол Ұйымның әлеуетін айтарлықтай күшейтетіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта ШЫҰ-ға төрағалық ететін Қырғыз Республикасына және Президент Садыр Жапаровқа табыс тіледі.

Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Тяньцзинь декларациясы;

2. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша құжаттарды бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде экстремистік идеологияға қарсы іс-қимылдың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясын іске асырудың жол картасы;

3. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Лаос Халық Демократиялық Республикасына Шанхай ынтымақтастық ұйымының диалог бойынша серіктесі мәртебесін беру туралы шешімі;

4. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жанындағы байқаушы мәртебесін алуы бойынша шешімі;

5. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің «Шанхай ынтымақтастық ұйымының серіктесі» мәртебесі туралы шешімі;

6. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласын 2025-2026 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялау туралы шешімі;

7. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ШЫҰ Бас хатшысының құжаттарға қол қою өкілеттілігі туралы шешімі;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының Қытай Халық Республикасына келу шарттары туралы 2004 жылғы 17 маусымдағы келісіміне хаттама;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығы мен «Росконгресс» қоры арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

8. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі туралы баяндаманы бекіту туралы шешімі;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі туралы баяндамасы;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының 2024 жылғы қызметі туралы баяндамасы.

9. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Есірткіге қарсы орталығы туралы келісімі;

10. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздіктің сын-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталығы жөніндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы келісім;

11. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуына орай мәлімдемесі;

12. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі мәлімдемесі;

13. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің энергетиканы орнықты дамыту бойынша ынтымақтастық туралы мәлімдемесі;

14. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің «жасыл» өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі;

15. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы мәлімдемесі;

16. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің көпжақты сауда жүйесін қолдау туралы мәлімдемесі;

17. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің есірткінің әлемдік мәселелерін тиімді шешу және оған қарсы күрес ісіндегі мәлімдемесі;

18. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық жөніндегі мәлімдемесі;

19. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің уәкілетті министрліктері мен ведомстволары басшыларының орнықты даму саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайту туралы мәлімдемесі;

20. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының Қытай Халық Республикасына келу шарттары туралы 2004 жылғы 17 маусымдағы келісіміне хаттама.

 

БөлісуTweetБөлісуЖолдауБөлісуБөлісу
Алдыңғы мақала

МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДЫҚ: КҮН РЕЖИМІ ЖӘНЕ ГАДЖЕТТЕР ТУРАЛЫ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

Алматы облысында көкөніс пен жемістерді өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

Пікір қалдыру Бас тарту

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ЕҢ КӨП ҚАРАЛҒАНДАР

  • Елордададағы спартакиадада жүлделі оралған спортшыларды қабылдады

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0
  • Табиғат – біздің үйіміз

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0
  • Әлемдегі ең қымбат футболшылар тізімі жарияланды

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0
  • «Жеті гүл» фильмі қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі.

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0
  • Диплом – жалған

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде  № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.
Портал материалдарын пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз.

  • Біз туралы
  • Портал тәртібі
  • Байланыс

Altyalash.kz сайтының мобильді қосымшасын жүктеп алыңыз.

E-mail: altyalash00@mail.ru
Телефон: +7 701 731 5585
Мекен-жай: ҚР, Алматы қаласы Жетісу -1 ш/а,40 үй, 11 пәтер

  • Біз туралы
  • Портал тәртібі
  • Байланыс

© 2025 / Altyalash.kz / Барлық құқықтар қорғалған.

No Result
View All Result
  • Қазақша
  • Русский
  • Басты бет
  • Біз туралы
  • Портал тәртібі
  • Байланыс
  • Жаңалықтар
  • Жаһан жаңалықтары
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Аймақ жаңалықтары
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Білім
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Фотогалерея

© 2025 / Altyalash.kz / Барлық құқықтар қорғалған.