2025 жылы дене шынықтыру мен спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 15,5 млрд теңге бөлінді. Халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылуы 1494 бірлікті құрайды. Жалпы, 33 спорт мекемесі жұмыс істеп тұр, 342 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев осындай мәліметтерді келтіріп өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта өңірде бұқаралық спорты дамыту мақсатында бірқатар нысандар салынып жатыр. Атап айтқанда, ҚР Футбол федерациясының «Алаң» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында Ғани Мұратбаев атындағы стадион, қосалқы алаңы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді, Жалағаш ауданының орталық стадионын жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Қызылорда қаласының сол жағалауында жалпы құны 26,5 млрд теңгені құрайтын 11 мың орындық жаңа стадион бой көтерді. Нысанда олимпиадалық спорт түрлеріне арналған 7 зал бар. Жаңа стадион жасыл алаңы УЕФА талаптарына сай заманауи төсенішпен жабдықталған, сондай-ақ соңғы үлгідегі жарықтандыру жүйелері орнатылған. Бұл әлемдік додалар мен мәдени, спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Нысан 13 қыркүйекте ашылады деп күтілуде. Онда футболдан ҚР кубогінің финалдық кездесуін өткізу жоспарланған», – деді спикер баспасөз конференциясы барысында.
Сонымен қатар, биыл өңірде бокс клубы ашылды. Облыс орталығында көпбейінді «Қызылорда арена» спорт кешенінің, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының құрылысы басталды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 6 нысан келесі жылы тапсырылмақ.