Сәтбаев университеті инженерлердің жаңа буынын даярлауға арналған оқу-ғылыми кеңістікті – мұнай-газ геологиясы бойынша оқу-зертханалық блокты іске қосты. Бұл кешен оқу аудиториялары мен мұнай-газ саласының талаптарына және инженерлік білім берудің заманауи стандарттарына сай жабдықталған арнайы зертханаларды біріктіреді. Жоба ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясының бас демеушілік қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Жаңа блок мына бөлімдерді қамтиды: мұнай-газ қабатының петрофизика зертханасы; литология және седиментология зертханасы; шөгінді бассейндер мен мұнай-газ кен орындарын компьютерлік модельдеу аудиториясы; жасанды интеллект элементтері бар виртуалды шындық кеңістігі.
Оқу-зертханалық кеңістіктің ашылуы геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик, аса көрнекті ғалым және ұлағатты ұстаз, инженерия мен минералдық ресурстар саласындағы бірқатар ұлттық және халықаралық академиялардың академигі, ғылымды ұйымдастырушы, Тәуелсіз Қазақстан геология саласының қалыптасуына баға жетпес үлес қосқан Герой Жолтайұлы Жолтаевтың 85 жылдығына орайластырыла отырып ашылды.
Ғалымға арнаған құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Герой Жолтаевқа ғылым мен білім саласындағы көпжылдық адал еңбегі үшін алғыс білдірді.
«Сіз өз біліміңіз бен бай тәжірибеңізді практикалық міндеттерді шешуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге арнадыңыз. Мұнай-газ кен орындарын ашуға қосқан үлесіңіз ел экономикасының дамуына және энергетикалық тәуелсіздіктің нығаюына жол ашты. Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарында жарты ғасырдан астам уақыт бойы атқарған қажырлы еңбегіңіз мұнай-газ саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға және жоғары білім мен ғылым жүйесінде терең із қалдыруға ықпал етті», – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстандағы алғашқы ұлттық техникалық зерттеу университеті мен ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясының бірлескен жобасы практикалық бағыттағы мамандар даярлауды күшейтуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және серпінді жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруді көздейді.
«Біздің жобамызды Қазақстан мұнай-газ саласының ұлттық операторы мен еліміздің жетекші техникалық зерттеу университеті арасындағы табысты әрі жауапты әріптестіктің үлгісі деуге болады, – деді АО «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Асхат Хасенов оқу-зертханалық блоктың ашылу салтанатында. – Бұл ғылыми-білім беру кеңістігі инженерлердің жаңа буынын, зерттеуші-геологтарды жоғары сапалы түрде даярлауды қамтамасыз етеді деп сенеміз. Болашақта олар осы сала мен ел игілігі үшін еңбек ететін болады».
Белгілі ғалымның ғылыми мұрасына деген құрметтің және Қаныш Сәтбаевтың есімін иеленген университетте ұрпақтар сабақтастығын сақтау ниетінің белгісі ретінде жаңа блокқа Герой Жолтайұлы Жолтаевтың есімі берілді.