фото:ашықдереккөз
Ауыл шаруашылығында шешімін күттірген түйткілдер аз емес: жердің мақсатсыз пайдаланылуы, инфрақұрылым мен су тапшылығы шаруалардың еңбегін тежеп отыр. Мұндай жағдайда агросаланы жаңа деңгейге көтеру үшін батыл қадамдар қажет. Мемлекет тарапынан цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу, су үнемдеу технологияларын дамыту сияқты бастамалар фермерлер үшін тың мүмкіндік болмақ. Осы тақырып төңірегінде «Ауыл» партиясы Алматы қаласы филиалының төрағасы Ахметбек Қоңырбаев агросектордың өзекті мәселелері мен даму бағыттары жөнінде ой бөлісті.
– Кей өңірлерде егістік жерлердің бос жатуы немесе тиімсіз пайдаланылуы байқалады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін жер қатынастары саласындағы бақылау жүйесін қалай күшейтуге болады?
– Бұл мәселеге қатысты менің жеке пікірім, ең алдымен, жердің мақсатты пайдаланылуын нақты бақылауға алу керек. Қазір кей аймақтарда ауыл шаруашылығына бөлінген жер телімдері мүлде пайдаланылмайды немесе тиімсіз игеріліп жатыр. Мұндай жағдайды болдырмау үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Олар нақты мониторинг жүргізіп, қай шаруашылықтың жерді тиімді пайдаланып отырғанын, ал қайсысының бос ұстап отырғанын анықтауы тиіс. Егер ескерту мен айыппұл шаралары нәтиже бермесе, онда мемлекет жер телімін сот арқылы қайтарып алуы орынды деп санаймын. Бұл бір жағынан әділдік орнатса, екінші жағынан, жерді шын мәнінде жұмыс істегісі келетін шаруаларға беру мүмкіндігін ашады. Ең бастысы – әр гектар жер халық игілігіне қызмет етуі керек.
– Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру мен жаңа агротехнологияларды енгізу ісі қандай деңгейде жүзеге асып жатыр? Бұл жаңашылдықтар ауыл кәсіпкерлерінің табысына нақты әсер ете алды ма?
– Жақында Мемлекет басшысының жарлығымен Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі құрылды. Бұл – елімізде жаңа технологияларды барлық салаға кеңінен енгізудің нақты қадамы. Қазірдің өзінде жасанды интеллект ауыл шаруашылығы саласында белсенді қолданылып келеді. Бұл жаңашылдық фермерлер үшін нағыз көмекші құралға айналуда. Мысалы, ол топырақтың ылғалдылығын, ауа райының өзгерісін, тұқымның сапасын талдап, қандай дақылды егу тиімді екенін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – егістіктен қанша өнім алуға болатынын және қаншалықты шығын шығатынын есептеп, табысты болжауға жол ашады. Мұндай технологияның артықшылығы – уақыт пен ресурсты үнемдеу, еңбек өнімділігін арттыру және адам қателігін азайту. Демек, жасанды интеллект – тек инновация емес, ол агросектордың жаңа даму кезеңіне жол ашатын басты тетік. Ал осы бағыттағы мемлекеттік қолдау – ауыл шаруашылығын болашақтың ақылды экономикасына айналдырудың берік негізі.
– Фермерлер жиі айтатын тағы бір мәселе – ауыл инфрақұрылымының әлсіздігі мен суармалы жер тапшылығы. Бұл түйткілдерді шешуде мемлекет тарапынан қандай жаңа жобалар қолға алынбақ?
– Иә, барлығымыз байқап отырмыз – жыл өткен сайын елімізде су тапшылығы айқын сезілуде. Бұл – табиғаттың ғана емес, шаруашылық мәдениетінің де үлкен сынағы. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында суды үнемдеу бағытында маңызды қадамдар жасалып жатыр. Соның бірі – тамшылатып суару әдісі. Қазір бұл тәсіл еліміздің түрлі өңірлерінде біртіндеп енгізілуде. Мысалы, оңтүстік аймақтарда шаруалар суды көп қажет ететін мақта егістіктерін дәл осы әдіспен суарып, гектарынан 60-70 центнерге дейін мол өнім алуда. Бұл – суды үнемдеп қана қоймай, өнім сапасын арттырудың да тиімді жолы. Тамшылатып суару жүйесі – болашақтың технологиясы. Ол әр тамшы судың қадірін арттырып, жердің құнарын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай тәсілді тек оңтүстікте емес, еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен қолдану қажет. Су – тіршіліктің өзегі, ал оны үнемдеу – әр фермердің, әр азаматтың ортақ борышы.
Жайсаң ҚҰРМАНҚЫЗЫ
altyalash.kz

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.