Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ, Өлкетанушы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын:
Қалың тарихтың үстінде отырмыз
Кенжекбек Сержанұлы – қойнауы құпияға толы қасиетті мекеннің өшпес байлығын зерттеп, зерделеп, оны халыққа таныстырып жүрген жас өлкетанушы. Қазақ даласының әрбір қыры, әрбір төбесі мен тасы бабалардың ізі, тарихтың ізі. Сол асыл мұраның сырына үңіліп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуді өлкетанушы басты міндеті деп санайды. Өйткені туған жердің тарихын, табиғатын, мәдениетін, рухани және материалдық мұраларын жүйелі түрде зерттейтін ғылым да сан салаға бөлінеді. Өлкетану – тек өткенді қазбалау емес, ол – елдің рухани жадын тірілту, ұлттың тамырын тану. Туған жердің тарихы мен табиғатын, киелі орындарын, тұлғаларын зерделеу арқылы біз өзімізді танимыз. Осы жолда ғылыми жолға түскен Кенжебек Сержанұлымен сұхбаттасқан едік. Ол өлкетанушының ұлт алдындағы міндетін, жауапкершілігін кеңінен айтып өтті.
– Алдымен, өзіңіз зерттеп жүрген салаңыз туралы айтыңызшы. Қазақ даласында маңызы зор, тарихы терең, қасиетті өлкелер қандай? Қазір ондай жерлерді халық жақсы біле ма?
– Өлкетануға әуестігіммен келдім. Әр өлкетанутанушы алдымен өзінің туып өскен өңірін зерттеу арқылы, оның этнографиясын, тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін, өнерін, жалпы табиғаты мен климаты деген сияқты тақырыптарды толық білетін адамды зерттеушіні, өлкетанушы деп атайды. Ең бірінші өскен өлкем Маңғыстаудың табиғатын зерттеуден бастадым. Мұндай өлкетанушы ретіндегі зерттеуімнің басталғанына 15 жылдан асты. Негізгі бағытым – тарихи тұлғаларды зерттеу, тарихи оқиғаларды зерделеу. Қазақстанда қасиетті, тарихы терең қасиетті жерлер өте көп. Сонысына қарап та ерекше қасиетке балап отырамыз. Біз негізі қалың тарихтың үстінде отырған халықпыз. Түркістан Қожа Ахмет Ясауидің кесенесімен, Атырау Сарайшығымен, Тараз қаласы көне ежелгі тарихымен: алғашқы моншалалар, көне қалашығымен құнды. Ал Маңғыстау 360 әулие, Үстірт, Бозжыра, ежелгі қырат пен таулар, патша заманында салынған бекіністер, әр кезеңдегі маңызды оқиғасымен ерекшеленеді. Байқасақ, әр өлкенің осындай ауыз толтырып айтатындай тарихы бар. Егер бүкіл қазақ даласын алып қарайтын болсақ, толығымен тұлғалар танылып болған жоқ. Өлкетану соңғы кезде салаға айналып бара жатыр. Осы саланың тереңнен зерттеу, зерделеу, оны қарай жалғастыру жылдарға ұласа береді, кезең-кезеңдерге бөліне береді. Осы жағынан алып қарағанда өлкентану саласында қызмет еті мен үшін де, әр зерттеуші үшін де құнды болмақ.
– Өңір тарихын зерттеуде кездескен ең қызық немесе күтпеген дерегіңіз қандай болды?
– Ғылыми тұрғыда әлі анықтама беріліп, дәлел келтірілген жоқ: бір кездері Маңғыстауда бізге дейінгі дәуірлерде өмір сүрген айдаһардың сүйегі табылды. Табылды деп жатырмыз ғой, бірақ ғылыми тұрғыда оған нақты тұжырым бере алмаймыз. Жергілікті халықтың, тұрғындардың айтуымен, сол жерде айдаһардың сүйегі дегенді естіп, ғылыми экспедиция ұйымдастырып, зерттеуге барғанбыз. Бұл әлі де құпия күйінде ашыла алмай жатқан тарих десек болады. Оны алда өзінің зерттелу уақытын, кезеңін күтіп тұрғаны ақиқат.
– Қазіргі жастардың арасында әсіресе туған жер тарихына қызығушылығы байқала ма?
– Өлкетану тақырыбы аясында сөйлеген кезде жастар жағынан жауап беру қиын. Өйткені жастардың қызығушылығы әртүрлі. Ал бұл салаға келетіндер туралы айтсам, көп емес. Мысалы, Маңғыстау өңірін зерттеп бастағанымнан бері байқағаным, бұл салаға келгендер де, оған қызығушылығын көрсетіп жүргендердің саны аз пайыз болып тұр. Өлкетану – жай ғана тарихи деректер жинау емес, ол – туған жердің жанына үңілу, халықтың өмір сүру салтын, дәстүрін, дүниетанымын түсіну. Егер біз өз жеріміздің тарихын терең білсек, ұлттық сана мен отансүйгіштік сезім де соғұрлым күшейе түседі. Сондықтан жастарға өлкетану тек тарихшылардың ісі емес, әрбір азаматтың өлке туралы аз-кем болса да білуі азаматтық парыз екенін айтар едім. Әркім өз ауылын, өлкесін зерттеп, ата-баба ізі қалған жерлерді таныса, сол арқылы елдің тұтас тарихына үлес қосады.
– Халқымыздың өзгелерден ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Өлкетанушы ретінде айтарым, қазақ халқының ерекшелігі ең алдымен жер мен тарихтың тұтастығында. Қазақ даласының әр пұшпағы – бір-бір тарих. Бізді өзгеден ерек ететін де осы – кең байтақ жеріміздің әр төбесі, әр өзені мен қырқасында ғасырлар ізі, бабалар тағдыры жатыр.Ұлттан ұлттың ерекшелігі – ана тілінде, тарихында, этнографиясында. Ал қазақ халқының ерекшелігін тізіп айтуға болады. Тіпті, жер көлемі бойынша, әлемде ондықтың ішінен ойып тұрып орын алды. Одан басқа, химимяның атасы Менделеев құрған периодтық кестедегі элементтердің 80 пайыздай шамасы қазақ даласында жатыр. Алтын адамның табылуы, архивтерден белгілі болып жатқан сан ғасырлық жәдігерлер де тарихымыздың әлем тарихы аренасындағы өз орнын айқындап көрсетеді. Қазақ халқының тағы бір ерекшелігі – рухани кеңдігі мен қонақжайлығы. Біз өзге мәдениеттерге ашықпыз, бірақ сонымен бірге өз болмысымызды сақтап қалдық. Міне, осының бәрі қазақ халқын даралап, оның өзіндік орнын айқындай түседі.
altyalash.kz
Суретте: Кенжебек Сержанұлы

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.