Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарҚоғам

Жаңа конституция адвокатураның рөлін нығайтады – заңгер Ләззат Ахатова

Соңғы он шақты күн бойы қоғам назарында болған конституциялық комиссияның жұмысы мәресіне жетіп келеді. Бүгін таңертең жаңа конституцияның жобасы халықтық талқылауға ұсынылды. Ендігі кезеңде қоғамның пікірі жиналып, кейбір тұстарына түзетулер енгізілуі мүмкін. Дегенмен, басты мемлекеттік құжаттың негізгі өзегі осы қалпында сақталатын сыңайлы.
Жалпы, конституцияның жаңа мәтініне енгізіліп отырған нормалар мен өзгерістер бір аптаның немесе бірнеше күннің жұмысы емес. Бұл – жарты жылға жуық уақыт бойы парламенттік реформа аясында жұмыс тобы жүргізген жүйелі еңбектің және қоғам тарапынан түскен түрлі ұсыныстардың нәтижесі.
Жаңа заң жобасына бұған дейін көтерілмеген бірқатар маңызды мәселелер енгізілген. Соның бірі – адвокатура институтының конституциялық мәртебесі. Талқылау барысында адвокат Мәди Мырзағараев конституцияда азаматтардың білікті заң көмегін алуға құқығы көрсетілгенімен, сол көмекті көрсететін негізгі институт адвокатураның өзі ата заңда нақты жазылмағанын атап өткен еді.
Шынында да, бұған дейін адвокатура көбіне жай ғана қоғамдық бірлестік ретінде қарастырылып, оның құқықтық мәртебесі конституция деңгейінде бекітілмеген болатын. Осы олқылықты жою мақсатында адвокатураның мәртебесін кта заңда нақты көрсету жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.
Нәтижесінде, жаңа конституция жобасының 86-бабында адвокатура институты айқын түрде бекітілді. Аталған бапта былай деп көрсетілген:
«1. Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғалу құқығын және заң көмегін алу құқығын іске асыруға жәрдемдесуді көздейді. Заң көмегін адвокаттар мен өзге тұлғалар заңға сәйкес көрсетеді.
2. Адвокат қызметін жүзеге асыру тәртібі, адвокат құқықтары, міндеттері мен жауаптылығы заңда айқындалады».
Бұл норма адвокатураның рөлін күшейтіп қана қоймай, азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін де жаңа деңгейге көтереді. Жалпы алғанда, мұндай өзгерістер жаңа конституцияның сапалық тұрғыдан жетілгенін көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда Жошы есімді 31 адам тіркелген – Ұлттық статбюро

admin_altyalash

Римде Шоқан Уәлиханов туралы итальян тіліндегі кітаптың таныстырылымы өтті

admin_altyalash

Менің шығармашылығым — әлемнің шексіз трансформациясының көрінісі

admin_altyalash