Nazarbayev University-нің (NU) ғалымдары əзірлеген Astana Gait Exoskeleton Assisted Rehabilitation (A.GEAR) инновациялық медициналық экзоскелеті мемлекеттік тіркеудің барлық кезеңінен ресми түрде өтіп, жаппай өндіріске дайын болды.
Құрылғы инсульттен кейінгі науқастарды жəне тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оңалтуға арналған. Ол Дəрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының оң қорытындысынан кейін тіркеу куəлігін алды.
A.GEAR — клиникалық қолдануға толық дайын отандық жоғары технологиялы медициналық құрылғылардың санаулысының бірі. Оның құны шетелдік баламалардан бірнеше есе төмен. Бұл Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін озық оңалту технологияларын қолжетімді етіп, қымбат импортқа тəуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
«Əлемде ғылыми идеядан бастап медициналық құрылғыны тəжірибеге енгізуге дейінгі жол əдетте 10–15 жылға созылады. Біз бұл кезеңнен небəрі төрт жылда — зертханадан сертификатталған медициналық өнімге дейін — өте алдық», — деді жоба жетекшісі, NU профессоры Прашант Джамвал. Оның айтуынша, экзоскелет импорттық оңалту роботтарын алмастырып, бюджет қаражатын миллиондаған доллар көлемінде үнемдеуге жəне еліміздің барлық өңіріндегі пациенттердің заманауи қалпына келтіру əдістеріне қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Экзоскелетті əзірлеу 2021 жылдың соңында NU жанындағы Медициналық робототехника зерттеулерін өткізетін құзырет орталығында (CEMRR) басталды. Жобаны коммерцияландыруды NU түлегі Шыңғыс Дəулетбаев басқаратын Robotics and Artificial Intelligence ЖШС жүзеге асырады.
Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад жобаның маңыздылығын атап өтті: «Университет ғалымдарының əлемдегі ең үздік зерттеушілердің 2%-ына кіруі біз үшін үлкен мақтаныш. Олардың əзірлемелері Қазақстанның дамуына ғана емес, медицина мен технология саласындағы жаһандық прогреске де үлес қосады».
A.GEAR клиникалық сынақтары Қарағанды мен Астана қалаларының медициналық ұйымдарында инсульттен кейінгі пациенттердің жəне балалар церебралды сал ауруы диагнозы қойылған жасөспірімдердің қатысуымен жүргізілді. Техникалық жəне клиникалық сынақтар сəтті аяқталып, тіркеу куəлігі алынғаннан кейін жоба командасы «СК-Фармация» ЖШС-мен ұзақ мерзімді келісімшарт жасауға дайындықты жəне дистрибьютор іздеуді бастады.
2026 жылы Nazarbayev University Технопаркі базасында ТОО Robotics and Artificial Intelligence кемінде бес экзоскелет өндіру жоспарлап отыр. Кейін медициналық ұйымдарға жеткізу көлемін ұлғайтып, қымбатырақ импорттық жабдықты кезең-кезеңімен алмастыру көзделген.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.