Қызылорда өңірінде 2026 жылғы 25-27 ақпанда «КӨКТЕМ-2026» РКШОЖ өткізілуде.
Аталмыш оқу-жаттығудың тақырыбы: «2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік кіші жүйесінің басқару органдарын, күш-құралдарын дайындау».
Мақсат – көктемдегі төтенше жағдайды жоюға азаматтық қорғау қызметтерінің, құрылымдарының әзірлігін тексеру.
25 ақпанда Қызылорда облысы ТЖД Дағдарыс орталығында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен жиын өткізілді. Оған өңірдегі азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері қатысып, оқу-жаттығуға дайындықтары туралы есеп берді.
26 ақпанда Қызылорда қаласындағы «Сол жағалау» шағын ауданындағы «Qaysar Arena» жанында күш-құралдарды саптық қарау кезеңі өткізілді. Оған ТЖД, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық ветеринария басқармасы, №5547 әскери бөлімі, қалалық полиция басқармасы, «Қазақтелеком» АҚ филиалы, құрылыс бөлімі, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, қоғамдық даму бөлімі, білім бөлімі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, электр тарату торабы компаниясы қатысты. Аталмыш мекенжайдағы саптық қарауға барлығы 210 адам, 60 техника қатысты.
Одан соң Талсуат елді мекенінде оқу-жаттығудың практикалық кезеңі ұйымдастырылды. Практикалық кезеңнің басты бағыты – қорғаныс бөгеттерін нығайту, тұрғындарды эвакуациялау, қабылдау-жинақтау пункттерін тексеру. Аудандарда да аталмыш практикалық кезең өткізілді.
Оқу-жаттығудың шарты бойынша: ТЖД жедел кезекшісіне – «112» телефонына елді мекеннің тұрғынынан Талсуат елді мекенінде Сырдария өзенінің оң жаға қорғаныс бөгетінен су асып, елді мекенге қарай тасып жатқаны, 25 үйді су басқандығы туралы хабарлама келді.
Нәтижесінде Талсуат елді мекенінен 115 тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілді. Олар эвакуациялық жинақтау-қабылдау пункттеріне жеткізіліп, оларға тиісті көмектер көрсетілді. Жалпы оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтері өздеріне жүктелен міндеттерді нәтижелі атқарды.
Оқу-жаттығудың практикалық кезеңіне барлығы 126 адам, 32 техника жұмылдырылды.
Қызылорда облысы ТЖД

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.