Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасында заманауи ангиографиялық жабдықтың енгізілуімен коронарография диагностикалық зерттеуі және коронарлық артерияларға бір мезгілде стенттеу жүргізу мүмкіндігі қолжетімді болды. Бұл жүрек тамырларының қауіпті тарылуын дер кезінде анықтап, қан ағымын жедел қалпына келтіруге, миокард инфарктінің және басқа да ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Мұндай қызметтерді аудан деңгейінде жүзеге асыру мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бағдарламаларының арқасында мүмкін болып отыр. Бұл аудан тұрғындары үшін мамандандырылған кардиологиялық көмектің қолжетімділігін едәуір арттырып, облыс орталықтарына жолдамасыз қажетті ем алуға жағдай жасайды.
Тексеру барысында науқаста коронарлық арнаның екі тамырлы зақымдануы анықталды. Кардиохирургтар айналмалы артерияға стентті сәтті имплантациялады. Ота асқынусыз өтті.
Қазіргі уақытта науқас жансақтау бөлімінде мамандардың бақылауында. Жағдайы тұрақты, ауырсыну синдромы жоқ, жалпы хал-жағдайы қанағаттанарлық. Медициналық персонал динамикалық бақылауды және қажетті емдік шараларды жалғастыруда.
Аурухана басшылығы кардиологиялық қызметті дамыту және заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізу жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітімді азайтуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.