Жаңа Конституция жобасының преамбуласы жан-жақты және айқын жазылған. Бұл туралы саясаттанушы, ЕҰУ-дың сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина мәлімдеді.
«Преамбула – бұл кім екенімізді және қайда бара жатқанымызды көрсететін мәтін. Егер мектеп оқушысы «Біз кімбіз?» деген сұрақ қойса, оған Конституцияның преамбуласын көрсету жеткілікті. Онда біздің тарихымыз, өмір сүріп жатқан қоғамымыз және қандай принциптерге сүйене отырып қоғам құрғымыз келетіні нақты көрсетілген», – деді Рыстина.
Саясаттанушының айтуынша, преамбула тек кіріспе мәтін емес, мемлекеттің стратегиялық бағытын және негізгі құндылықтарын айқындайтын бөлім.
«Онда әділетті Қазақстан қандай болуы керек, қандай тәртіп пен қағидаттарға негізделуі тиіс екені көрсетілген. Егер әр бала осы ұстанымдарды кішкентайынан бойына сіңірсе, Конституцияның талаптары да орындалады», – деп қосты ол.
Индира Рыстина атап өткендей, әр елдің преамбуласының мазмұны әртүрлі болғанымен, негізгі мәні ұқсас: тарих, даму бағыты және елдің армандаған болашағы. Қазақстанда преамбула қарапайым тілмен жазылған, мектеп оқушысы да түсіне алады. Онда «Біз қайдан шықтық, біз қандайбыз және біз қайда бара жатырмыз?» деген негізгі сұрақтарға нақты жауап бар.
Жаңа Конституция жобасы білім мен ғылымды елдің дамуы мен жастардың болашағы үшін басты тірек ретінде бекітуді көздейді. «Елде 120-дан астам жоғары оқу орны жұмыс істейді, жүздеген мың студент білім алады, жастар халықтың шамамен үштен бірін құрайды. Сондықтан білім мен ғылымды Конституция деңгейінде нақты бекіту – стратегиялық шешім. Бұл елдің инновациялық әлеуетін нығайтып, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деді саясаттанушы.
Сонымен қатар, ол соңғы бес жылда ғылымға жүйелі қолдау көрсетілгенін атап өтті. Қаржыландыру артты, жаңа жобалар іске қосылды, зерттеу инфрақұрылымы жаңарды, жас ғалымдарға әлеуметтік қолдау тетіктері жасалды, кейбір жас ғалымдарға Президент үй берді.
«Бұл шаралар студенттік ортада да қолдау тапты, себебі олар тек оқытуды емес, елдің болашағы мен білім арқылы дамитын қоғамды қамтамасыз ететін жолды көрсетеді. Жаңа Конституция елдің даму бағытын айқындап, білім мен ғылымды басты тірекке айналдырады», – деп түйіндеді Индира Рыстина.
Саясаттанушы преамбуладағы негізгі өзгертулерге де тоқталды.
«Бұрынғы Конституцияда «Біз мемлекетті қалыптастырып» деп жазылса, жаңа жобада «Мемлекеттілігімізді әрі қарай нығайтып» деп өзгертіледі. Сонымен бірге, «Мың жылдық тарихы бар ұлы дала жері» деген сөздер қосылады. «Бұл мемлекет енді ғана пайда болып отырған жоқ, ұзақ жылдар бойы тарихы, мәдениеті және өз ұстанымдары бар мемлекетті қалыптастырғанымызды білдіреді. Негізгі стратегиялық бағыттарға тек аумақ немесе жер байлығы ғана емес, ғылым, білім, инновация, адам капиталы, мәдениет сияқты ұғымдар да кіреді. Яғни, бұл Конституция мемлекетке емес, адамға бағытталған», – деп атап өтті Рыстина.
Саясаттанушы сондай-ақ Конституция жобасының ғылыми және студенттік ортада кең талқыланып жатқанын айтты.
«Бұрынғы реформалармен салыстырғанда, бүгінгі жағдай мүлде бөлек. Студенттер конституциялық өзгерістерден жақсы хабардар», – деді өз сөзін қорытындылады ол.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.