Бір ақын әйел қазақтар өз тәуелсіздігін сақтай алмайды деп пікір жазыпты.
Бұл – өте қауіпті нарратив. Ауыз менікі екен деп, ойыңа келгенді бөсіп сөйлей беруге болмайды!
Сын айтылу керек. Биліктің қателіктерін бетке басу керек, елдің әлдебір даму жолын көріп тұрсаң – сілтеп жіберу керек.
Бірақ әр нәрсенің аттауға болмайтын шегі бар. Қазақ өз тәуелсіздігін сақтай алмайды деп жұртшылықта күмән тудыру – жол беруге болмайтын нәрсе.
Мен үшін Тәуелсіздік – жай ғана ұстаным емес, ол – менің саналы өмірімнің экзистенциялық мәні.
Қоғамдық қызметте болсын, кітап шығару ісінде болсын, түрлі жобаларда болсын – әрбір ісімнің түбінде бір қасиетті сөз тұр: Тәуелсіздік.
Біз отыз бес жылда тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптастық. Бұл – күмән туғызуға болмайтын мойындалған факт. Ендігі міндет – тәуелсіздікті әлсірету емес, оны одан әрі нығайту.
Әлеуметтік психологияда «өзін-өзі ақтайтын болжам» деген ұғым бар. Егер қоғамға: «бұл мүмкін емес» немесе «бәрібір күйрейді» деген ой қайта-қайта айтылып, саналарға сіңіріле берсе, уақыт өте келе адамдардың бір бөлігі соған сеніп қалады. Ал сенім адамның әрекетіне әсер етеді. Сөйтіп, адамдар өз әрекетімен немесе әрекетсіздігімен сол жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына өздері жағдай жасайды.
Сондықтан мұндай сөздер өте қауіпті. Қоғам санасына «біз тәуелсіздігімізді сақтай алмаймыз» деген ой тасталған сәттен бастап, бұл жай пікір болудан қалып, күмәннің вирусына айналады. Әлгі ақынды қолдап жатқандар, шын жауап беріңдерші: Тәуелсіздігімізді көп көріп жүрсіңдер ме? Тілді қысқартып, артық сөзді тыйып, аңдап сөйлеңдер.
Біз мұндай нарративтердің таралуына жол бермеуіміз керек. Үкіметті жақтырма, халықтан түңіл, бірақ Тәуелсіздігімізге деген сенім мызғымас болуға тиіс.
Біздің тәуелсіздігіміз – қайдағы бір ақынның, сенің де, менің де меншігіміз емес, бізге аспаннан топ етіп түскен сый да емес. Бұл – бізге дейін өмір сүрген талай ұрпақтың күресі мен еңбегінің, қан мен тердің, зор жауапкершіліктің нәтижесі.
Мұндай жексұрын сөздерді тек қазақ халқын жауға жығып бергісі келетін іштен шыққан жау ғана айта алады. Ешкім өзін Тәуелсіздіктен биік қоймасын!
Бақытжан Бұқарбай

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.