Президент Жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді деп атап өтті.
Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің иесі, қорғаны – жастар.
Сондықтан бұл құжатты Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын саяси тұғыры десек, қателеспейміз.
Қ.К.Тоқаев: «Барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді.
Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған.
Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар.
Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар.
Қымбатты отандастар, Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – нағыз Халық Конституциясы жобасына көрсеткен нақты қолдауыңыз. Жастар Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға атсалысады.
Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі.
Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді».
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев бүгінде 90 мыңнан астам жастарымыз шетелде кедергісіз білім алуда. Біз әр адамға зор мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмыз. Жақында өтетін референдум – сондай керемет мүмкіндіктің бірегейі.
15 наурызда әр азаматымыз Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады. Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді.
Осы орайда, мен Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу жасағым келеді.
Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын өз қолыңмен құру деген сөз.
Уақыт өтеді, ал Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарыштап дами береді. Көп ұзамай әлемдегі ең озық елдің біріне айналады.
Сол кезде «Қастерлі Отанымды осы биікке жеткізген жолды таңдауға мен де атсалыстым» деп, мақтанышпен айта аласыздар. Ал, кейінгі буын өздеріңізге әрдайым ризашылығын білдіріп жүреді.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.