Қазақстан еңбек нарығындағы көрсеткіштер бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің қатарына еніп отыр. Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне сәйкес, 2025 жылы елдегі жұмыспен қамту деңгейі 67 пайызды құрап, Қазақстан әлемдік рейтингте 29-орынға шықты. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция сияқты дамыған мемлекеттерден алда тұр.
Бұл нәтиже кездейсоқ емес. Соңғы жылдары еңбекке деген көзқарас өзгеріп, «Еңбек адамы» ұғымы қайтадан алдыңғы орынға шықты. Яғни табыс табудың ғана емес, адал еңбек етудің өзі қоғамда құндылық ретінде қарастырыла бастады.
Мамандардың айтуынша, жоғары көрсеткіштің басты себебі – халықтың еңбекке бейімделгіштігі. «Қазақстандықтар жаңа жағдайға тез үйренеді, жұмыс табуға икемді. Бұл – еңбек нарығындағы басты артықшылықтардың бірі», – дейді сарапшылар.
Сонымен қатар мемлекет жұмыспен қамту саясатын жаңаша форматта жүргізе бастады. Енді басты назар – жұмыс табуы қиын азаматтарға аударылып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «приоритетті топ» деп аталатын арнайы санатты анықтаған.
Бұл топқа еңбек тәжірибесі жоқ, ұзақ уақыт жұмыс істемеген немесе әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар кіреді. Жалпы саны 90 мыңнан асатын бұл адамдарға мемлекет жеке қолдау көрсетпек.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа тәсілдің басты ерекшелігі – әр адаммен жеке жұмыс жүргізу. «Біздің мақсат – тек жұмыс ұсыну емес, адамды нақты жұмысқа орналастырып, сол жерде тұрақтап қалуына көмектесу», – деді ведомство өкілдері.
Яғни енді жұмыс іздеушілер тек тізімде тұрмайды, әрқайсысы бақылауға алынып, нақты нәтижеге дейін сүйемелденеді. Бұл үшін цифрлық жүйелер де енгізілген. Карьера орталықтары әр азаматтың қандай көмек алғанын, қай жерде жұмыс істеп жатқанын онлайн бақылап отырады.
Әрине, бұл бағытта шешілмеген мәселелер де бар. Қазірдің өзінде осы топтағы адамдардың жартысынан азы ғана жұмыспен қамтылған. Сондықтан министрлік өңірлерге жұмысты күшейтуді тапсырды.
Дегенмен, сарапшылар бұл өзгерістердің тиімді болатынына сенімді. Себебі бұрынғыдай жалпы бағдарламалардан гөрі, нақты адамға бағытталған саясат әлдеқайда нәтижелі.
Қоғамда да еңбекке деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Қазір «жеңіл ақша» емес, тұрақты жұмыс пен кәсіби даму маңыздырақ бола бастады. «Еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды. Бастысы – мүмкіндік болса, оны пайдалану керек», – дейді еңбек нарығы мамандары.
Сонымен қатар, көші-қон саясаты да еңбек нарығымен тығыз байланыста қарастырылып отыр. Еңбек күші қажет өңірлерге адамдарды тарту, кадр тапшылығын азайту және азаматтарға жаңа мүмкіндік беру – осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі. Сарапшылардың пікірінше, дұрыс ұйымдастырылған көші-қон тек экономиканы ғана емес, өңірлердің дамуын да жеделдетеді. «Адам қай жерде еңбек етсе, сол жерде өмір сапасы жақсарады. Сондықтан еңбекке жағдай жасау – ең дұрыс инвестиция», – дейді мамандар.
Жалпы, Қазақстандағы жұмыспен қамту саласындағы оң өзгерістер елдің әлеуметтік тұрақтылығына да әсер етіп отыр. Адамның жұмысы болса – табысы бар, ал табыс бар жерде сенім де болады. Осы тұрғыдан алғанда, «Еңбек адамы» бейнесін насихаттау – жай ұран емес, нақты саясаттың бір бөлігіне айналып келеді. Ендігі міндет – осы бағытты сақтап, әр азаматқа еңбек етуге мүмкіндік жасау.
altyalash.kz
