Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, профессор, академик Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен және орталықтың жоғары білікті мамандарының қатысуымен өңірде үшінші рет бауыр трансплантациясы сәтті орындалды.
41 жастағы науқасқа бауыр циррозы, портальды гипертензия, өңеш веналарының варикоздық кеңеюі (1-дәрежесі), спленомегалия, екіншілік цитопения. Қалқанша безінің диффузды токсикалық зобы диагнозы қойылған. Азамат шамамен жарты жыл бойы ауырып, стационарлық ем қабылдаған. Ауру портальды гипертензия, асцит, спленомегалия сияқты асқынулармен жүрген. Жүргізілген емге қарамастан, жағдайының нашарлауына байланысты бауыр трансплантациясы өмірін сақтап қалудың жалғыз тиімді жолы ретінде қарастырылды.
Науқастың 20 жастағы туған қарындасы өз еркімен донор болуға келісім беріп, толық медициналық тексеруден өтті. Қарсы көрсетілімдер анықталған жоқ.
Отаны А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының мамандарынан құралған бірлескен команда жасады.
Қазіргі таңда науқас дәрігерлердің динамикалық бақылауында. Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтуде, трансплантацияланған бауырдың қызметі біртіндеп тұрақтануда.
Облыстың білікті дәрігерлері күрделі медициналық оталардың сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл – жергілікті медицина сапасының жаңа деңгейге көтерілгенін айқын дәлелі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
