Астанада 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні аясында қайырымдылық іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ерекше балалардың шығармашылығын қолдауға бағытталған шараны Нұра ауданының әкімдігі Astana Opera мемлекеттік опера және балет театры, Abaqus-Daryn қоры және Болат Өтемұратов қоры бірлесіп ұйымдастырды.
Astana Opera театры ғимаратында ерекше балалардың қатысуымен қайырымдылық концерті ұйымдастырылып, ол көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар аутизмі бар балалардың салған суреттері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды.
Іс-шараға Ақтөбе, Абай, Қарағанды өңірлерінен, Астана қаласынан 63 бала қатысты. Олар сахнада ән айтып, өнерлерін көрсетті.
Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсәметова шараның негізгі мақсаты – қоғамның назарын аутизм мәселесіне аудару, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау және инклюзивті ортаны дамыту екенін айтты.
«Бүгін балалар өлеңін айтып, би билеп, өнерін ортаға салды. Мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналарына алғыс айтқым келеді. Біз мұндай балаларды ел болып, мемлекет болып қолдауымыз қажет», – деді ол.
Іс-шараға қатысқан жас өнерпаздардың бірі Дарын Ажмолдаев болашақта әнші әрі IT-маман болуды армандайтынын жеткізді.
«Қазіргі таңда мен түрлі концерттерде өнер көрсетемін. Бүгін мен «Шынарым» әнін орындаймын. Қазір 7-сыныпта оқып жүрмін. Маған фортепианода ойнаған ұнайды. Сондай-ақ мектепте математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері пәні ұнайды», – деді ол.
Өнер арқылы жүректерді жақындатқан бұл кеш әр баланың мүмкіндігі шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
