Шығыс Қазақстанда «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер жалғасып жатыр. Бүгін облыс орталығының бірқатар аумағында тазалық шаралары жүргізілді. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Жеңіс мемориалдық кешеніндегі сенбілікке барып, сондағы халықпен тілдесті.
Мұнда тұрғындар, түрлі ұйымдардың қызметкерлері, жастар мен еріктілер жиналған. Араларында өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп жүрген егде жастағы азаматтар да болды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған тазалық акциясын өңір жұртының белсенді қолдап жатқаны қуантады. Олар өз еріктерімен, азаматтық позицияларын білдіріп, қоғамдық орындарды, көшелер мен аулаларды тазалап жатыр. Өз өңірімізді таза ұстап, осылай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара берейік. Одан соң балаларымызға қоқысты шашпауды, табиғатты аялауды үйретуіміз керек», – деді облыс әкімі.
Ары қарай Нұрымбет Сақтағановқа Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов жаңа жаяу жүргіншілер аллеясы жобасын таныстырды. Соған сәйкес, Жеңіс мемориалынан Лихарев көшесіне дейінгі аумақты абаттандырып, толыққанды қоғамдық кеңістікке айналдыру жоспарланып отыр. Жоба «Өмір жолы» деп аталады.
Бұрын бұл аумақтың кей жерлерінде жарықтандыру болмай, тротуарлар бірнеше жыл бойы жөнделмеген. Соның салдарынан тұрғындарға жайлы жағдай жасалмаған еді. Енді бұл жер жаңа аллеяға айналмақ. Жарық шамдары орнатылып, орындықтар қойылып, футбол алаңы, спорттық және балалар ойын алаңдары да бой көтереді.
Аймақ басшысы өз сөзінде ең бастысы тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті. Сондай-ақ аллеяны ғана емес, оған іргелес аумақтарды да кешенді түрде абаттандыру қажеттігін жеткізді.
Одан соң облыс әкімі «Самал» саябағына барды. Халық отбасыларымен келіп демалатын қоғамдық орынға ауқымды қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмек. Жоба шеңберінде қоршаулардың қорғаныш жабындарын қалпына келтіру, шағын сәулеттік нысандарды жаңарту, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары мен скейт-паркке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Нұрымбет Сақтағанов қала әкімі мен мердігер компания басшысына жұмыс сапасына баса мән беру қажеттігін айтты.
