Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Үкіметінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Онда референдумда қабылданған Конституцияның нормаларын сапалы және жедел енгізуді қамтамасыз ету үшін «Заң мен Тәртіп» қағидатын бекіту мәселелері қаралды.

«Мемлекет басшысы өткен жылдың соңында «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес құқық бұзушылықтың алдын алуға жауапты субъектілердің тізбесі мен Ведомствоаралық комиссияның құрамы кеңейтілді. Сонымен қатар жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституцияда құқықтық мемлекетті нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» орнықтыруға бағытталған «Заң мен Тәртіп» үстемдігі негізгі қағидаттардың бірі ретінде көрініс тапқан. Заңнамалық деңгейдегі жаңалықтардың бірі – құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына барлық мемлекеттік органдарды, азаматтарды және жергілікті қоғам өкілдерін тарту. Бұл – баршамызға ортақ міндет», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр атап өткендей, Ведомствоаралық комиссияның алдағы жұмысы «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын жүзеге асыруға және берік орнықтыруға бағытталатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын қоғаммен серікстестікте жүзеге асыру барысы туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов баяндады. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ Жамбыл және Ақтөбе облыстарының әкімдері сөз сөйледі.
Тұжырымдама мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының құқық бұзушылықтардың алдын алудың тұтас жүйесін қалыптастырудағы күш-жігерін шоғырландыруға бағытталған. Оның негізгі элементтері – ерте ескерту, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту.
Тиісті іс-қимыл жоспары шеңберінде бірқатар шаралар қабылданды:
- Биыл 2 наурыздан бастап «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң күшіне енді.
- Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мақсатында ұялы байланыс абоненттерін биометриялық сәйкестендіру енгізілді, сондай-ақ БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясына қол қойылды.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жоспары және агрессорларға психологиялық көмек көрсету Ережелері бекітілді. Өткен жылы 1 мыңға жуық азаматқа психологиялық түзету тағайындалды.
- Сталкинг пен некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
- Электрондық білезіктерді қолдана отырып, бұрын сотталған адамдардың мінез-құлқына бақылауды күшейту жолымен рецидивтік қылмыстың алдын алу шаралары жүзеге асырылды.
ІІМ мәліметтері бойынша, жаңа форматтарды енгізу және заңнаманы жетілдіру Қазақстанда қылмыс деңгейінің өткен жылы 6%-ға, осы жылдың 1 тоқсанында 9%-ға төмендеуіне ықпал етті. Сонымен қатар, ішкі істер министрі Ержан Саденов Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Абай облыстары әкімдіктері тарапынан шараларды күшейтуді талап ететін бірқатар мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, полиция пункттерінің құрылысын салу және реконструкциялау, жол қозғалысы ережесін (ЖҚЕ) бұзу деректерін тіркеудің автоматты жүйелерін орнату, байланыс инфрақұрылымын дамыту және тағы да басқалар туралы айтты.
Премьер-министр жекелеген өңірлерде полицияны жабдықтандыру бойынша шаралар орындалмай отырғанына назар аудартты. Әкімдіктерге Тұжырымдама жоспарының орындалуына жан-жақты талдау жүргізіп, биыл оларды жүзеге асыру тапсырылды.
Құқықтық оқу-ағарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады. Ақпараттық жұмыстар заңнама нормаларын түсіндіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сияқты бағыттар бойынша жүргізілуде.
Олжас Бектенов құқықтық оқу-ағарту мәселесінде оң динамика бар екенін атап өтіп, Мәдениет және ақпарат министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оны одан әрі дамытуды, соның ішінде мақсатты топтармен атаулы жұмыс арқылы және халықпен өзара іс-қимылдың өзекті құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асыруды тапсырды.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев азаматтардың дербес деректерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанда киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мақсатында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы айыппұлдар көлемі 100-ден 1000 АЕК-ке дейін және дербес деректерді қорғау саласында 1000-нан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылған. Қолжетімділігі шектеулі дербес деректермен жұмыс істейтін байланыс операторлары үшін биометриялық аутентификация енгізілген. Одан бөлек, рұқсат етілмеген трафикті (фродты) өткізуге жол бермеу, байланыс операторларында антифрод-орталықтардың міндетті түрде болуы және Ұлттық банктің антифрод-орталығымен интеграциялануы бойынша талаптар енгізілді. Сондай-ақ SIM-карталарды әкелу мен тіркеуді реттеу және басқа да бірқатар шаралар енгізілді.
«Киберқылмыскерлер жиі ретте заманауи цифрлық технологияларды жеделірек пайдаланып кетіп жатады. Сондықтан, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша анағұрлым тиімді шаралар қажет. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алаяқтық транзакцияларды бұғаттау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен банктер арасында деректер алмасу, жалған call-орталықтарды анықтау тетіктері бойынша қосымша ұсыныстар енгізуді тапсырамын. “Цифрлық полицей” жобасын енгізуді жеделдетіп, киберволонтерлік практиканы және кадрлар даярлауды кеңейту қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
Сондай-ақ «Еуропа Кеңесінің Компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын келісу жұмысын қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың бұрын сотталған адамдарды қайта әлеуметтендіру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары қаралды. Премьер-министр алдағы рақымшылыққа байланысты осы бағытта бірқатар тапсырма берді.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында профилактикалық және ведомствоаралық жұмысты күшейту қажет. Денсаулық сақтау министрлігіне зорлық-зомбылыққа бейім адамдарды психологиялық түзеу ауқымын кеңейту, сондай-ақ дағдарыс орталықтары қызметтерінің қолжетімділігін арттыру тапсырылды. Әкімдіктерге осы мәселені өңірлік комиссиялардың отырыстарында қарау арқылы барлық уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын күшейту жүктелді.
Премьер-министр әкімдіктердің жұмысының басым бағыттарының бірі – полиция органдары үшін, оның ішінде МЖӘ тетіктерін пайдалану арқылы нысандар салу болуға тиіс екенін атап өтті. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті – елді мекендердің аумақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Мәселені қарау қорытындысында Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы іс-шараларының сапалы орындалуын үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.



