Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Аймақ жаңалықтарыЖаңалықтарЗаң мен тәртіп

Жетісу өңірінде тіркелмеген мопедтерге бақылау күшейтілді

gov.kz

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде мопедтерді пайдалану талаптарының күшейтілуіне арналған брифинг өтті. Жиында әкімшілік полиция қызметкерлері енгізілген негізгі өзгерістерді түсіндіріп, жаңа талаптардың қатаң бақылауға алынатынын ескертті.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тіркелмеген мопедтерді пайдалануға толықтай тыйым салынған. Көлік құралын заңды түрде басқару үшін “A1”, “A” немесе “B” санатындағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Сонымен қатар мопед міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтіп, техникалық байқаудан өткізіліп, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисімен қамтылуы қажет.

Қазіргі таңда облыс аумағында ресми тіркелген мопедтер саны небәрі 1489-ды құрайды. Бұл көрсеткіш аталған көлік түрін заңдастыру деңгейінің әлі де төмен екенін аңғартады.

Жауапкершілік мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабына сәйкес, тиісті құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі. Ал тіркелмеген көлік құралымен жүру немесе мемлекеттік тіркеу нөмірінің болмауы (590-бап) үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Құқық қорғау органдары тарапынан бақылау тұрақты негізде жүзеге асырылады: рейдтік және профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Осыған байланысты мопед иелеріне құжаттарды уақытылы рәсімдеп, тиісті оқудан өтіп, көлік құралдарын заңдастыру ұсынылады.

— Жол қозғалысы ережелерін сақтау — жай ғана формалдылық емес, бұл әрбір адамның қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Заң үстемдігі орнаған жерде тәртіп болады, ал тәртіп — адам өмірінің кепілі, — деп атап өтті әкімшілік полиция өкілдері.

Жаңа талаптар — тек жолдағы тәртіпті қамтамасыз ету құралы ғана емес, сонымен қатар әрбір жол қозғалысына қатысушының жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Ұқсас жаңалықтар

«Пәтерін өртеген»: «АрселорМиттал Теміртау» заңгерінің өліміне қатысты тың дерек жарияланды

admin_altyalash

«Қазақтелеком» бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзды деп айыпталды

admin_altyalash

Қарағандыда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы сотталды

admin_altyalash