Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі қаралды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі – Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі – Нұрлан Сауранбаев, энергетика министрі – Ерлан Ақкенженов, ғылым және жоғары білім министрі – Саясат Нұрбек, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, Астық консорциумы және «Ascle» ІТ стартап басшылығы баяндама жасады.
Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселелеріне және цифрлық технологиялар мен ЖИ-ді жаппай енгізуге айрықша мән беретінін, бұл елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясының жобасы әзірленді. Ол жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын барынша енгізуді мақсат етеді. Аталған құжат алдағы уақытта саланың ұзақмерзімді даму бағдарына мүлдем жаңа көзқарасты қалыптастырып, қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру шараларын үйлестіруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз экономиканы цифрлық трансформациялауға айтарлықтай серпін беруіміз қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз IT-қызметтер экспортын $1 млрд-тан астам деңгейге жеткіздік. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі $22 трлн-нан асады. IT саласы ерекше қарқынмен дамып келеді, сондықтан жаһандық ауқымдағы цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек. Еліміздің кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу өнімнің сапасын, еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Есептеу қуатын дамытуға назар аударылады. Елімізде Alem.Cloud және AL Farabium өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері орналасқан. Олар жаһандық TOP-500 рейтингіне кіреді.
Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу үшін суперкомпьютердің артты.
Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан есептеу қуаттарын бөлуге қатысты өтініштер санының артуына байланысты Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне қолданыстағы көлемдерді ұлғайту бойынша және есептеу қуатының шектеулі болуы тежеуші факторға айналып кетпеуі үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Павлодар облысында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыруға инвесторлар тарту жұмысын жандандыру қажеттігі атап өтілді. Қазақстан инвесторлар мен ІТ-мамандар, соның ішінде шетелдік мамандар үшін де тартымды болуы керек. Жауапты ведомствоға Қазақстан аумағында бұлтты провайдерлердің қызметін реттеу мен оның дамуын ынталандыруға арналған заңнамалық түзетулер әзірлеу тапсырылды.
Премьер-министр жасанды интеллектіні жаппай енгізудің негізгі шарты сапалы әрі қолжетімді деректердің болуы екенін атап өтті. Шашыраңқы деректерді ретке келтіру, бизнеске мемлекеттік деректер қорының қолжетімді болуы және оларды пайдаланудың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелерін шешу міндеттері қойылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне әдіснамалық базаны қалыптастыруды аяқтап, салалық «data-lake»-тер құруға басымдық беруді тапсырылды.
ЖИ дамуында жеке сектор маңызды рөл атқарады. Бизнес үшін экономикалық ынталандыру құралдарын әзірлеу қажеттілігіне, сондай-ақ қаржы институттарының, ең алдымен, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану деңгейі жоғары жобаларға қолдау көрсетуіне баса назар аударылады. Жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет. Бұл алдымыздағы мақсат-міндеттердің ауқымын айқындап, сапалы үйлестіруді қамтамасыз етеді және жобалардың қайталануын болдырмауға, ресурстарды тиімді жұмсауға ықпал етеді.
Премьер-министр қазіргі сын-қатерлер әлеуметтік-экономикалық даму барысын жоспарлаудың неғұрлым нақты құралдарына көшуді талап ететінін атап өтті. Жасанды интеллект үлкен деректерді өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға және барынша нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігін арттырады.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, экономикалық үдерістердің дамуын болжау үшін жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетігін енгізуі қажет.
Кәсіпорындардың көпшілігіне, әсіресе шағын және орта бизнес үшін жасанды интеллект күрделі әрі қол жеткізе алмайтын құрал болып отыр. Мұның негізгі себептері – құзыреттердің, ресурстар мен нақты іске асыру тетіктерінің жетіспеушілігі. Сондықтан Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шағын және орта бизнес саласында жасанды интеллектіні енгізуді ынталандыру тәсілдерін әзірлеуі қажет.
Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағытта жаңа мамандарды даярлаумен қатар, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген кадрларды қайта даярлап, аталған мәселеге баса мән беруі тиіс.
«Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына серпін беріп, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын айқындайды. Қазір заңнамада жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау қажеттілігі көзделген», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жасанды интеллект министрлігіне үшінші тараптар мен жүйелердің дербес деректерге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу, сондай-ақ зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды қорғау мақсатында тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырылды.
Digital Qazaqstan стратегиясының жобасы елімізде түбегейлі цифрлық өзгерістерді қамтамасыз етіп, экономика салаларында жасанды интеллектіні енгізуге бағытталғаны атап өтілді.
Тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.
