Фото: istockphoto.com/ru
Қазақстандық Әнел Базылованың жұмысы Sony World Photography Awards беделді халықаралық байқауында National & Regional Awards санаты бойынша жүлделі орынға ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Байқауға 56 елдің фотографы қатысты, 419 мың жұмыстың ішінен ең үздіктері іріктелді. Қазақстаннан қатысқан жалғыз фотограф Әнел Базылова үздік атанды.
Жеңімпаздардың еңбегі Лондонда 17 сәуірден 5 мамырға дейін өтетін көрмеге қойылмақ. Әнелдің жұмысы өз бастамасымен іске асқан «Өмір сүр!» фотожобасы аясында түсірілген. Жобада автор камера объективі арқылы сирек кездесетін генетикалық ауруларға шалдыққан және онкологиялық диагноз қойылған әйелдер туралы сыр шертеді.
Суретте «Өмір сүр!» жобасының алғашқы кейіпкері – Динара Иса. Динараға сүйек тіндері зақымдалуымен сипатталатын “Горхем ауруы” деген сирек диагноз қойылған, оны басқаша «фантомдық сүйек» деп те атайды. Қазылар алқасы мүшелерінің Динараның болашаққа сеніммен, қасқайып қарап тұрған фотосуретті таңдағаны символдық мәнге ие.
«Өмір сүр!» жобасы – ауыр диагнозы бар әйелдерге сыртқы әлемнен тығылып, жабылмауға және өз ауруымен бетпе-бет жалғыз қалмауға көмектесу, сондай-ақ басқа жандарды өсектеу мен сөгуден жасқанбай, өз диагнозы туралы ашық айтуға ынталандыру мақсатында құрылды. Өйткені біздің қоғамда көптеген адам үшін қатерлі ісік және басқа аурулар туралы айту – әлі де бір табу деңгейінде», – дейді Әнел Базылова.