Геологтер күніне орай «SOS балалар ауылы» тәрбиеленушілері Астана қаласындағы Минералогиялық музейге барды. Бұл іс-шара балалардың білімін арттыру, табиғаттың байлығын таныстыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында балалар музейдің экспозициясымен танысып, әртүрлі тау жыныстары, қымбат және жартылай қымбат тастар, сондай-ақ асыл тастан жасалған әшекейлер мен бұйымдарды көрді. 8-9 сынып оқушылары мамандық таңдау жолында өздеріне көмек болатын ақпараттарды алды.
«Музей бізге өте ұнады! Балалардың арқасында біз небір жерді көріп, танысып жатырмыз. Табиғаттың мұндай кереметтері барын білмеппіз. Осындай іс-шаралардан кейін балалар өз әсерлерімен бөлісіп, бір-бірлерімен пікір алмасады. Мұндай экскурсиялар балаларға қажет», – деді «SOS балалар ауылы» тәрбиешісі Ақбота Жұмаханова.
2010 жылдан бастап Астанада жұмыс істеп келе жатқан минералогиялық мұражай Орталық Азиядағы ең үздік минералогиялық орталық болып табылады. Мұражай коллекциясында мыңнан астам экспонат бар, олар Қазақстанның жер асты байлығы туралы мол мағлұмат береді.
Экскурсияны ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті мен «Kazakhmys Barlau» ЖШС бірлесіп ұйымдастырды. Сонымен қатар, «SOS балалар ауылынан» келген 15 балаға «Atlant Minerals» компаниясы атынан арнайы сыйлықтарды алды. Бұл іс-шара балалардың геологияға деген қызығушылығын арттыруға және табиғаттың сұлулығын бағалауға мүмкіндік берді.