Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырылған екі күндік танымдық семинар-тренинг басталды. Іс-шара этномедиация мәселелеріне және этносаралық қатынастар саласындағы келіссөздер дағдыларын жетілдіруге арналған. Негізгі мақсат – этносаралық қарым-қатынасты нығайта отырып, мәселелердің алдын алу.
«Біз шеберлік сабақтарын өткізетін, тәжірибемен бөлісетін және келіссөздер жүргізу дағдыларын үйрететін мамандарды шақырдық. Ассамблеяда 23 этнос өкілінің болуы ерекше маңызды», – дейді «Қоғамдық Келісім» мемлекеттік мекемесінің медиаторы Роза Бекішева.
Қатысушылар қатарында мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, медиаторлар мен этносаралық қатынастар саласында жұмыс істейтін мамандар бар. Мұндай бастамалар көпұлтты қоғамдағы диалог пен өзара түсіністік мәдениетін нығайтып, азаматтық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға ықпал етпек.