Министр Айдарбек Сапаров жұмыс сапары аясында Атырау облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында министр облыста ауыл шаруашылығын дамытуда тиімді әрі стандарттан тыс тәсілдер енгізіліп жатқанын атап өтті.
Негізгі басымдық мал шаруашылығын дамытуға берілген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша саладағы жалпы өнім көлемі шамамен 71 млрд теңгені құрап, 7,2%-ға өсім тіркелді. Бұл нәтижеге жүйелі мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілді.
Соңғы үш жылда өңірде 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылды: жылыжай кешені, ет комбинаты, құрамажем өндіретін шағын зауыт, бордақылау алаңдары және жеміс сақтау қоймалары салынды.
2025–2027 жылдарға арналған АӨК-тің Жол картасы аясында жалпы құны 48,4 млрд теңге болатын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында Мақат ауданында қуаттылығы 48 мың тонна болатын құрамажем зауытының құрылысы мен жылына 5 000 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының іске қосылуы бар.
«Мемлекет тарапынан барынша қолайлы жағдай жасалған. Мал шаруашылығын субсидиялаудан бөлек, өсімдік шаруашылығын дамытуға, бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарын қолдауға және асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған, жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын жеңілдетілген несиелік өнімдер әзірленді. Облыстың агроөнеркәсіптік кешенін табысты дамытуға толық әлеуеті бар. Біздің міндетіміз — осындай бастамаларға жан-жақты қолдау көрсету», — деді Айдарбек Сапаров.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өндірушілері экспорттаушылар тізіліміне енгізуден бастап, өңдеуді субсидиялау мен бордақылау алаңдарын дамытуға дейінгі бірқатар нақты ұсыныстар мен мәселелерді ортаға салды.
Барлық ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралып, тиісті шешімдер қабылданатын болады.