Өңірде ауыл шаруашылығына арналған жалға заңсыз берілген 3 456 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. БҚО Байтерек ауданы әкімдігіне қатысты ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында құқық бұзушылық фактісі анықталды.
Тексеру нәтижесінде жер учаскесі Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ЖШС-не берілгені белгілі болды. Атап айтқанда, Кодекстің 43-1-бабында көзделгендей, уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы тек конкурс негізінде беріліуі тиіс болса да, конкурс рәсімі сақталмаған.
Соған қарамастан, жергілікті атқарушы орган заңсыз қаулы қабылдап, стандартты жалға беру шартын жасасқан. Бұл уәкілетті органның араласуына негіз болды.
Материалдарды қарау қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жасалған жалға алу шартын жарамсыз деп танып, жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады.
Бұл шара жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз беруді анықтау және жолын кесу, сондай-ақ олардың тиімді пайдаланылуын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.