2025 жылдың 4–5 қазан күндері Зерендіде өткен «ZEREN photo fest» фотофестивалі аясында қазақстандық БАҚ фототілшілері ЕҰУ-дың журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенттеріне шеберлік сабағын өткізді. Іс-шараны ЕҰУ-дың Ақпараттық орталығы мен журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті ұйымдастырды. Фотофестиваль университеттің 30 жылдығына орай өтті.
Фестивальге әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы, журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантаев, «National Geographic Kazakhstan» журналының фототілшісі Ерболат Шадрахов, «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров, ҚР Парламентінің фототілшілері Талғат Таныбаев пен Жандәулет Өмірханұлы, «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілі Қалжан Тұрсынбаев, «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшы орынбасары Алмас Манап, Ақпараттық орталықтың басшысы Ербол Ерденбек және оқытушылар мен студенттер қатысты.
Құттықтау сөзінде Ләззат Төлегенқызы фестивальдің биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті:
«Дәстүрлі «ZEREN photo fest» – студенттер үшін жаңа білім мен тәжірибе алудың, ал фототілшілер үшін кәсіби тәжірибе алмасудың тамаша алаңы. Біз бұл шараны табиғат аясында өткізуіміздің өзіндік мәні бар. Мұндай орта шығармашылық адамдарға шабыт беріп, қала тіршілігінен демалуға мүмкіндік туғызады. Баршаңызға жемісті жұмыс, жаңа идеялар мен жақсы көңіл-күй тілеймін», – деді проректор.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантаев қатысушыларды байқау ережелерімен таныстырды:
«Фестиваль аясында студенттер өз тәлімгерлерінің жетекшілігімен түсірген фотосуреттерін ұсынады. Байқау жұмыстары «Пейзаж», «Портрет» және «Фоторепортаж» жанрлары бойынша бағаланады. Қорытындысында қазылар алқасы үздіктерді анықтайды», – деді ол.
Фестиваль барысында мамандар студенттерге фотоөнер, жаңалық дайындау, баспасөз релиздерін әзірлеу сияқты тақырыптарда шеберлік сабақтарын өткізді.
Байқау қорытындысы бойынша Гран-при иегерлері – «National Geographic Kazakhstan» журналының фототілшісі Ерболат Шадрахов және оның шәкірттері Елдар Обайдуллин, Жансая Сламова, Зарина Тайлақ пен Бекнұр Қарагүл атанды.
Бірінші орынды «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі және жауапты хатшы орынбасары Ерлан Омаров пен Алмас Манап, сондай-ақ олардың шәкірттері – Еркежан Сансызбай, Ерасыл Нұрлыбекұлы және Әли Әбдібекұлы иеленді.
Екінші орынға Талғат Таныбаев пен Жандәулет Өмірханұлы бастаған топ – Бауыржан Өмірзақов, Мансур Яхудинов, Камила Молдахметова, Аяжан Ментай, Еркеназ Кеңшілікова және Айсұлу Серікова ие болды.
Үздік үштікті Қалжан Тұрсынбаев пен оның командасы – Марат Бауыржан және Асқар Сейілбек түйіндеді.
«Үздік фоторепортаж» номинациясында Ерлан Омаров, Алмас Манап, Еркежан Сансызбай, Ерасыл Нұрлыбекұлы және Әли Әбдібекұлы жеңіске жетті.
«Үздік портрет» номинациясында Талғат Таныбаев пен Жандәулет Өмірханұлы, сондай-ақ олардың шәкірттері – Бауыржан Өмірзақов, Мансур Яхудинов, Камила Молдахметова, Аяжан Ментай, Еркеназ Кеңшілікова және Айсұлу Серікова жеңімпаз атанды.
«Үздік фототілші» номинациясында Ерболат Шадрахов пен оның шәкірттері – Елдар Обайдуллин, Жансая Сламова, Зарина Тайлақ және Бекнұр Қарагүл иеленді.
Жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.