Бауыржан Ысқақов, экономист:
Өңірдің дамуы – жергілікті ерекшелікті дұрыс пайдалана білуден басталады. Әр аймақтың табиғаты, климаты, тіпті халқының кәсібі де өзіне тән. Сол әлеуетті дұрыс бағыттап, нақты жоспармен дамытсақ, ауыл да, қала да өседі. Бүгінде ең маңыздысы – жергілікті ресурсты анықтап, соған сай өндіріс құру. Бір өңірде сүт кластері дамыса, енді бір жерде мақта немесе жеміс-жидек бағы өркендеуі мүмкін. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, дәл осындай кешенді көзқарас ғана өңірдің нағыз экономикалық тірегіне айнала алады.
– Өңірлік индустрия мен ауыл шаруашылығын дамытуда жергілікті ерекшеліктерін қалай тиімді пайдалануға болады?
– Өңірлік индустрия мен ауыл шаруашылығын дамытуда жергілікті ерекшеліктерді тиімді пайдалану үшін ең алдымен кешенді ресурстық карталау қажет. Яғни әкімдік, университет және жеке сектор бірлесіп, өңірдің өндірістік әлеуетін толық зерттеуі керек. Бұл жұмысқа жергілікті табиғи ресурстар, климаттық жағдай, су жүйелері, еңбек дағдылары мен логистикалық мүмкіндіктер кіреді. Осындай карталау нәтижесінде өңірдің нақты қандай өнім түрі бойынша бәсекелік артықшылығы бар екені анықталады. Екіншіден, кластерлік тәсіл маңызды. Бір саланы жүйелі түрде дамыту – нәтижелі жол. Мысалы, сүт немесе жеміс-жидек кластерлері, жеңіл машина жасау, не Түркістан облысындағы мақта өндірісін мысалға алуға болады. Мұнда шикізат жеткізушілер, логистика және жергілікті оқу орындарының өзара байланысы шешуші рөл атқарады.
Сонымен қатар географиялық брендингке көңіл бөлу қажет. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігін, экологиялық тазалығын және дәстүрлі өнімдерін брендке айналдыру – экспорт әлеуетін күшейтеді. Географиялық сертификаттар мен аймақтық тану белгілері жергілікті тауардың құнын арттырады. Сондай-ақ өңірдің табиғи жағдайына бейімделген агротехнологияларды енгізу керек. Мысалы, топырақтың қышқылдығына икемделген әдістер, су үнемдеу мен тамшылатып суару жүйесі, жылыжай шаруашылығы сияқты шешімдер ауыл шаруашылығын тиімді етеді.
– Сіз атап өткен бағыттың барлығы кадр мәселесіне келіп тіреледі. Бұл туралы пікіріңіз қалай?
– Әрине, кадр мәселесін айтпай кетуге болмайды. Әр өңірде кәсіптік және қайта даярлау орталықтары жұмыс істеуі тиіс. Дуалды оқыту жүйесін дамытып, адамдарды нақты нарық талабына сай дағдыларға үйретсек, шағын бизнестің сапасы мен тұрақтылығы артады. Бұл бағыттағы мәселелерді шешудің түрлі амалдары да қарастырылып жүр, көптеген бастамалар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда. Дегенмен де жергілікті бизнес нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін аймақтарда кәсіптік және дуалды оқыту жүйесін дамыту, аграрлық кеңес беру орталықтарын ашу, әсіресе әйелдер мен жастарды тарту қажет. Ал қолөнер мен шағын пилоттық жобаларды тіркеу арқылы тәжірибе жинақтап, оны кеңінен таратудың маңызы зор. Осындай өзара байланысқан шаралар өңірлік кәсіпкерлікті жандандырып, шағын бизнес санының өсуіне жол ашады.
– Шағын және орта бизнес демекші, оны дамыту үшін қандай жүйелі өзгерістер қажет деп ойлайсыз?
– Өңірлердегі шағын және орта бизнесті дамыту үшін ең алдымен тіркеу мен лицензиялау жүйесін жеңілдету керек. Кәсіп ашқысы келген адам бір кабинеттен екіншісіне жүгіріп жүрмей, барлығын электронды түрде, жылдам шеше алатын жағдай жасалуы тиіс. Көптеген кәсіпкерлердің уақыты мен энергиясы осы бюрократиялық кедергілерге кетіп жатыр.
Қаржылай қолдау да үлкен мәселе. Әсіресе ауылдық жерлерде банктен несие алу қиын, кепіл қоятын мүлкі жоқ адамдар көп. Сол үшін микроқаржыландыру ұйымдары мен кепілдік қорларын күшейту керек. Жеңілдетілген несиелер мен гранттық бағдарламалар кәсіпкерлерге нақты серпін береді.
Сонымен қатар, салық пен есептілікті оңайлату да маңызды. Кәсіпкерлер ай сайын қағаз толтырумен емес, іс жүргізумен айналысуы керек қой. Ал бизнесті бастап жүргендерге кеңес беру орталықтарын ашып, нарыққа шығу жолдарын үйрету қажет. Цифрландыру, электронды сауда, экспортқа шығуға дайындық – осының бәрін үйрететін жүйенің болғаны азаматтардың кәсіпке деген көзқарасын өзгертер еді.
Тағы бір маңызды бағыт – жергілікті өнімдерді онлайн нарықтарға шығару. Бұл логистика мен маркетинг тұрғысынан да тиімді. Мемлекеттік тапсырыстар мен сатып алуларда шағын бизнеске басымдық беру де маңызды.
– Әңгімеңізге рақмет!
фото:ашықдереккөз
altyalash.kz