Жетісу облысының Көксу ауданында жұмыс істеп тұрған ксәпорынның қуатын арттыру және жаңа жобаларды қолға алудың арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесі көтеріледі. Атап айтқанда, Көксу қант зауытын қайта жаңғыртудың нәтижесінде оның өңдеу қуаттылығы тәулігіне 5 мың тоннаға жеткізілсе, алдағы жылдарда құс етін өндіретін «Beles Agro KZ» ЖШС-нің қуаты жылына 15 мың тонна болатын инвестициялық жобасы жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Көксу ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауданда ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге үлес қосып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған үш ірі кәсіпорын бар. Атап айтқанда, оның алғашқысы бүгінгі күні шикізат қабылдау және өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан Көксу қант зауыты болса, екіншісі майлы дақылдарды өңдейтін «Уыз Май Индастри» ЖШС, қазіргі кезде серіктестік 10,5 мың тонна майбұршақ қабылдап, оның 2,2 мың тоннасын қайта өңдеуден өткізді. Ал үшіншісі – Еңбекшіқазақ ауылындағы «Көксу СМ» сүт зауыты («Арқабаев» ЖК). Кәсіпорын жылына 12 мың тонна сүт өңдейді. Шикізатты Көксу, Кербұлақ, Ескелді аудандарынан алады.
– Біздің мақсатымыз – ауданда өндірілген өнімді қайта өңдеу үлесін көтеру. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ақпан айында тәулігіне 40 тонна сүт өнімдерін өндіретін «Green Horizon Enterprises» цехы іске қосылды. Сондай-ақ құны 14 млрд. теңге болатын «Beles Agro KZ» ЖШС-нің құс етін өндіретін жобасы жүзеге асырылуда. Осы орайда аудан әкіміне тиісті басқармалармен бірлесіп, өңдеу саласына инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырамын, – деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, биылғы тоғыз айда Көксу ауданының экономикасына 13,6 млрд. теңге инвестиция тартылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.