Астаналық оқушылар Италияның Рим қаласында өткен халықаралық олимпиадада рекорд орнатты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Fibonacci International Robot Olympiad дүниежүзілік финалына 18 елден жиналған 623 команда қатысып, логика, инженерия және шығармашылы қабілет бойынша үздіктерін анықтады.
Қазақстан атынан осы жарысқа барған елордалық оқушылардың есімі әлемдік робототехника қауымдастығы алдында ерекше жарқырады.
36 жүлде жиынтығы сарапқа салынған әлемдік додада Қазақстан командалары айқын басымдық көрсетіп, жалпыкомандалық есепте І орынды жеңіп алды. Бұл – еліміздің робототехника тарихындағы ең жарқын жетістіктердің бірі.
Ең жоғарғы көрсеткіш Қазақстанның иеленген 19 алтын медальдің 17-сін астаналық оқушылар қанжығасына байлағаны.
Астана командаларының нәтижелері:
• 17 алтын медаль;
• 7 күміс медаль;
• 3 қола медаль;
• 5 мотивациялық «Jury Award» жүлдесі.
Бұл жетістік – Астанадағы техникалық дайындық мектептерінің әлеуетін, жас дарындардың таланты мен еңбекқорлығын, инженерлік ойлаудың жоғары деңгейін дәлелдейтін көрсеткіш. Елорда командалары халықаралық жарысқа жай ғана қатысып қойған жоқ, шын мәнінде жеңіс биігін бағындырды. Олар Қазақстанның болашақ инженерлерінің әлемдік деңгейдегі әлеуетін танытты.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.