Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдегі қала құрылысы талаптарының сақталуы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселесі қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы мен сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов баяндады.
Биыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануына байланысты өңірде цифрлық трансформацияны жеделдету, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту бойынша бірқатар нақты шаралар қабылдануда. Осы мақсатта «Смарт қала» бағыты бойынша 2026-2030 жылдарға арналған стратегия бекітіліп, Семей қаласы бойынша 13 жоба және аудан орталықтарында 7 жобаны іске асыру көзделген. Атап айтқанда, қалаларды басқару, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қауіпсіздік пен экология салаларын қамтитын бірқатар цифрлық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар облыстың цифрлық трансформация картасы қабылданып, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, экология, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және құрылыс салаларын қоса алғанда 11 басым бағыт айқындалды. Адами капиталды дамыту мақсатында өңірде Tomorrow School және TUMO білім беру жобалары жүзеге асырылатын болады. Бұл бастамалар жастардың IT-құзыреттерін арттыруға және цифрлық экономикаға бейімделуіне мүмкіндік береді.
2025 жылы байланыс саласында көрсетілген қызметтер көлемі 12,1 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 106 пайызға жетті. Республикалық маңызы бар автожолдар бойында байланыс инфрақұрылымын дамыту мақсатында 40 антенна-діңгек құрылыстарын орнату жоспарланған. Қазіргі таңда 32 жоба бойынша оң қорытынды алынған, қалған жобалар сараптамадан өту сатысында.
Аймақ басшысы жиында тиісті басқармалар мен қала және аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді. Облыстағы әлеуметтік мекемелерді тұрақты әрі сапалы интернетпен қамту мәселесіне айрықша назар аударды.
«Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллект еліміздің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық фактор екенін, оларды барлық салаға жүйелі енгізу қажеттілігін атап өтті. Бұл тек технологиялық жаңғыру емес, мемлекеттік басқаруды тиімді ету және халыққа қызмет сапасын нақты жақсартудың маңызды құралы», – деді облыс әкімі.
Облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2022 жылы өңірдегі 272 елді мекенге арналған жол картасы бекітілген. Құжат аясында 2023-2025 жылдары бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл елді мекендердің жоспарлы дамуына, заңды құрылыс жүргізуге және инфрақұрылымды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жиында облыстағы бірқатар ауылдар мен қалаларда қала құрылысы құжаттамасының заң талаптарына сай әзірленбегені, қолданыстағы бас жоспарлардың ескіргені атап өтілді.
Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне мемлекеттік қала құрылысы талаптарына сәйкес келмейтін жобаларды қайта түзетуді, аяқталмаған бас жоспарлар бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.