фото:ашықдереккөз
Береке Болатбек, «Астана Тазалық» ЖШС жұмысшысы:
Балаларым маған күш береді
Халқымыз қашанда адал еңбекті бағалап, қарапайым еңбек адамдарына ерекше құрметпен қараған. Бүгінде еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген жандардың қоғамда алар орны бөлек. Осындай еңбекқор жандардың бірі – Береке Болатбек. Ол елорданың қақаған қысында қар күреп, жаздың аптап ыстығында көшелерді тазалап, қаланың көркі мен тазалығы үшін аянбай еңбек етіп жүр. «Астана Тазалық» ЖШС-нің жұмысшысы қара жұмыстан қашпай, адал еңбектің дәмін татып жүр.
– «Астана Тазалықта» қанша жылдан бері жұмыс істеп келесіз?
– Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 14 жылдан асты. Жұмысымыз оңай емес. Қыста қар күрейміз, көктемде еріген қардың суы мен жиналған топырақты тазалаймыз. Жалпы, төрт мезгілдің төртеуі де өз қиындығымен келеді. Соған қарамастан, бұл еңбекке үйреніп кеткенбіз. Үш баланың анасымын: бір ұлым, екі қызым бар.
– Бұл жұмысқа келуіңізге не себеп болды?
– Бұл жұмысқа 18 жасымда келгенмін. Содан бері осы жерде еңбек етіп жүрмін. Таңғы сағат 6-дан бастап жұмысқа кірісеміз, аптасына бір күн ғана демалысымыз бар. Балаларымды тәрбиелеу мен жұмысты қатар алып жүру ана үшін оңай емес. Дегенмен кешкісін балаларымның сабағына көмектесіп, қолдан келгенше уақыт бөлуге тырысамын. Ұлым 11 жаста, қыздарым 9 және 8 жаста. Олардың сабақты жақсы оқитынына қуанып, бар шаршағанымды ұмытып кетемін.
– Сізді осы жұмыста осыншама жыл ұстап тұрған күш не?
– Осы жұмысты істеп келе жатқаныма 15 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде еңбекке де, ұжымға да үйреніп кеттім. Басқа жұмысқа барсам, өзімді жат сезінетіндей боламын. Сондықтан бұл мен үшін тек жұмыс емес, өмірімнің бір бөлігі сияқты.
– Ана ретінде балаларыңызға қандай құндылықтарды үйретуге тырысасыз?
– Бала тәрбиесі кішкентай кезден басталады деп ойлаймын. Балаларым менің қандай еңбек етіп жүргенімді жақсы біледі. «Тәрбие – отбасынан басталады» деген сөз бар ғой. Сол себепті оларды тазалыққа, ұқыптылыққа баулып келемін. Көшеде қоқыс тастамауды, айналаны таза ұстауды үнемі айтып отырамын. Балалар көбіне үлкендерден көргенін қайталайды. Сондықтан жақсы үлгі көрсету – менің қазіргі басты міндетімнің бірі.
– Таңертең ерте тұрып, қала тазалығы үшін еңбек ету сізге қандай сезім сыйлайды
– Біздің жұмыс таңғы 5 жарымда басталады. Ол уақытта қала әлі тыныш, айнала жым-жырт болады. Қала тұрғындары сағат 7 шамасында ғана оянып, тіршілік басталады. Біз сол уақытқа дейін көшелерді ретке келтіріп, адамдардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Таңғы таза ауа мен тыныштықтың өзі ерекше әсер береді.
– Қала тұрғындарына тазалық мәдениеті туралы не айтқыңыз келеді?
– Ең алдымен жастарға айтарым бар. Бізден кейін өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Қаланы таза ұстап, айналаға жанашырлықпен қараса екен деймін. Әсіресе жастарды тазалыққа тәрбиелеу өте маңызды. Егер әр адам өзінен бастап, қоқысты кез келген жерге тастамай, айналаны таза ұстауға мән берсе, қаламыз да көркейе түсер еді.
– Қиын сәттерде сізге күш беретін не нәрсе?
– Мен үшін ең қиыны – ауырып қалып, балаларымды асырай алмай қалу. Сол кезде көп ойланасың: «Қалай жеткіземін, қалай өсіремін?» деп. Бірақ сондай сәттерде маған күш беретін – балаларым. Солар үшін өзімді сақтап, алға ұмтыламын.
– Арманыңыз қандай?
– Бала кезден бергі ең үлкен арманым – жақсы маман болып, жеке баспанамның болғаны. Ал қазір балаларымды өсіріп, жеткізсем деген тілек. Үш баламды өз үйімізде өсіріп, жақсы азамат етіп тәрбиелесем деймін. Ең бастысы – балаларымның амандығы мен денсаулығы.
Жанар ҚАЙРАТҚЫЗЫ
altyalash.kz

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.