Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысы басталды,-деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Бұл республикалық маңызы бар жаңа автомобиль жолы өңірдің көлік инфрақұрылымын нығайтып, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын арттыруға бағытталған. Маңызды жоба арқылы тұрғындардың ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқан жол мәселесі шешімін тауып, көліктік-логистикалық әлеует ұлғаяды.
Облыс әкімі жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
– Бүгін біз Түркістан облысы үшін аса маңызды, тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Ел игілігіне бағытталған ірі инфрақұрылымдық нысанның бірі – Сарыағаш айналма жолының құрылысы ресми түрде басталуда. Бұл жоба президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі транзиттік дәліздерді дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы биылғы Ұлттық құрылтайда Сарыағаш айналма жолының маңызын атап өтіп, оның сапалы әрі уақтылы орындалуын бақылауда ұстайтынын жеткізген болатын. Сарыағаш – Орталық Азиядағы маңызды транзиттік тораптардың бірі. Алайда қолданыстағы екі жолақты жол тәулігіне 3 мың көлікке есептелген болса, бүгінде оның жүктемесі 18-20 мың автокөлікке жетіп отыр. Соның салдарынан көлік кептелістері мен жол-көлік оқиғалары жиілеп, қозғалыс тығыздығы артқан. Осы мәселені шешу үшін басталған жоба көлік инфрақұрылымын кешенді дамытуға бағытталған. Ұзындығы 102,6 шақырым болатын 4 жолақты жаңа жол бойы барлық қажетті инфрақұрылымдармен қамтылады. Заманауи жолдар – өңірлердің байланысын нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын арттырады. Осы игі істің басталуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Құрылыстың сапалы әрі уақтылы аяқталуы – баршамызға ортақ міндет, – деді Нұралхан Көшеров.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның ерекшеліктері туралы айтты. Салтанатты жиынға қатысқан Сарыағаш, Келес ауданының ақсақалдары да құттықтау сөз сөйлеп, баталарын берді. Тұрғындар игі іске бастамашы болған Мемлекет басшысына, ел азаматтарына алғыстарын білдірді.
Жобаның жалпы ұзындығы – 102,6 шақырым (Сарыағаш ауданы – 43 шақырым, Келес ауданы – 58,6 шақырым) және тәулігіне 13,5 мың көліктің қозғалысын қамтамасыз етеді. Жолдың құрылысы 2029 жылы толық аяқталады, жалпы құны – 204 млрд теңге. Қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының займымен жүзеге асырылады.
Сарыағаш қаласының айналма жолы заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, төрт жолақты болып салынады. Жолда 8 көліктік жолайрығы, 2 теміржол өткелі, 22 көпір, 21 арнайы учаске, 4 демалыс алаңы, 223 су өткізу құбыры, 26 қоғамдық көлік аялдамасы, 4 жаяу жүргіншілер өткелі, 21 ауыл шаруашылығы техникалары мен үй жануарлары өтетін учаске және 1 ЖПБ кешені қарастырылған. Бұл құрылым көлік қозғалысын қауіпсіз және тиімді етіп, жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттырады.
Маңызды жоба іске асқанда Мақтаарал, Жетісай, Шардара бағыттарындағы жолдың сапасы артып, тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады. Халықаралық транзиттік қатынасты жақсартады.
Айта кетейік, Президент тапсырмасы аясында өңірде жол саласы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр 863 шақырым жол жөнделсе, биыл 1138 шақырымға жуық жолды жаңғырту жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
