Медеу ауданында биыл қоғамдық кеңістік пен туристік инфрақұрылымды дамытатын бірнеше жаңа жоба жүзеге асады. Бұл туралы аудан әкімі Еркебұлан Оразалин Өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, Медеу ауданы қаланың негізгі туристік орталығының бірі болып қала береді. 2025 жылы ауданға шамамен 649 мың адам келіпті.
Өткен жылы сәтімен жүзеге асқан жобаның бірі деп «Терренкур» жобасын атауға болады. Бүгінде бұл қала тұрғындарының арасында демалысқа арналған танымал орынның біріне айналып, мұнда келетіндердің саны күн сайын артып барады. Осы тәжірибені ескере отырып, биыл «Медеу» паркі аумағын дамыту жоспарланып отыр. Жоба аясында ұзындығы 6 шақырым болатын жаяу жүргіншілер бағыты салынып, демалыс аймақтары мен негізгі тартылыс нүктелері бар қоғамдық кеңістіктерді абаттандырып шықпақшы.
Жолдасбеков пен Меңдіқұлов көшесі де жаңарады. Мұнда жаяу жүргіншілердің аймағы абаттанып, көгалданып, жайлы қоғамдық кеңістіктер құрылады. Сондай-ақ Зенков көшесінің Гоголь көшесінен Мақатаев көшесіне дейінгі 450 метрлік бөлігі де жаңартылады. Бұл жерде дәмханалар мен демалыс орындары бар жаяу жүргіншілер аймағы пайда болады.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2026 жылы 31 жобаны іске асыру көзделген. Олардың қатарында 10 ауланы абаттандыру, 8 қоғамдық кеңістікті жаңарту мен 13 автосуару жүйесін орнату да бар.
Бұл жобалар қалалық ортаның жайлылығын арттырып, ауданды тұрғындар мен туристер үшін тартымды ете түсуге мүмкіндік береді.
