ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Германия мен Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған AGRI-CA жаңа қаржыландыру бағдарламасы жарияланғаны туралы мәлімдейді. Бағдарлама тұрақты ауыл шаруашылығы, цифрлық және деректерге негізделген технологиялар, жасанды интеллект, биотехнологиялар және тұрақты даму салаларындағы бірлескен зерттеулерді қолдауға бағытталған. Аграрлық ғылым саласында халықаралық зерттеу командаларын қалыптастыруға және жас ғалымдарды дамытуға ерекше назар аударылады.
AGRI-CA жобасына бірнеше деңгейде қатысуға болады:
1. Модуль 2 – ынтымақтастықты дайындау және кәсіби байланыстар орнату. Бұл формат серіктестік байланыстар орнатуға, бірлескен зерттеу күн тәртібін пысықтауға, жобалық идеяларды әзірлеуге және болашақ халықаралық зерттеу құрылымдарын құруға негіз қалыптастыруға арналған. Неміс тарапы үшін қаржыландыру көлемі 20 мың еуроға дейін, мерзімі 9 айға дейін болуы мүмкін.
2. Модуль 9 – тұрақты халықаралық зерттеу құрылымдарын құру. Бұл деңгей анағұрлым терең ынтымақтастықты көздейді. Атап айтқанда, Германия университеттері мен Орталық Азия елдерінің ғылыми ұйымдарының қатысуымен бірлескен зерттеу орталықтарын, зертханаларды немесе жас зерттеушілерге арналған халықаралық зерттеу құрылымдарын құру мүмкіндігі қарастырылады. Неміс тарапы үшін қаржыландыру көлемі 1 млн еуроға дейін, мерзімі 36 айға дейін болуы мүмкін.
Бағдарламаға Германияның жоғары оқу орындары Орталық Азия елдерінен, оның ішінде Қазақстаннан, кемінде үш ғылыми ұйыммен серіктестікте қатыса алады. Бұл ретте қазақстандық университеттер мен ғылыми ұйымдар консорциумдар құрамында серіктес ретінде қатысып, зерттеу күн тәртібін қалыптастыруға, жас ғалымдарды даярлауға, бірлескен магистрлік және PhD-зерттеулерді іске асыруға, сондай-ақ ұзақ мерзімді ғылыми байланыстарды дамытуға атсалыса алады.
Жобалық өтінімдерді ұсыну мерзімі:
Модуль 2 бойынша – 2026 жылғы 30 маусымға дейін;
Модуль 9 бойынша – 2026 жылғы 30 маусымға дейін немесе 2028 жылғы 31 мамырға дейін.
Қазақстандық университеттерді, ғылыми ұйымдарды және зерттеу топтарын AGRI-CA бағдарламасына неміс әріптестерімен бірлесіп қатысу мүмкіндігін қарастыруға шақырамыз.
Аталған бастама қазақстандық ғылымды халықаралық зерттеу желілеріне интеграциялауға, аграрлық технологияларды дамытуға, ауыл шаруашылығында жасанды интеллект пен биотехнологияларды қолдануға, сондай-ақ жаңа буын ғалымдарын даярлауға қосымша мүмкіндік береді.
Толығырақ:
https://www.bmftr.bund.de/SharedDocs/Downloads/EN/2026/AGRI-CA_Funding_Announcement.html
