Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Спорт

Халықаралық чемпионатта Астаналық оқушылар робототехникадан үздіктердің қатарына енді

Астанада өткен V халықаралық «Robotek Grand Tournament Astana 2026» робототехника чемпионаты мәресіне жетіп, елордалық оқушылар жоғары нәтижелерімен көзге түсті. Биыл алғаш рет президенттік «TurkTime!» бастамасы аясында ұйымдастырылған ауқымды дода түркі әлемінің жас инженерлерін бір алаңға тоғыстырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Халықаралық чемпионатқа Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстаннан үздік командалар қатысып, 2026 жылғы турнир шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд орнатты. Астана төрінде 45-тен астам халықаралық команда өзара бақ сынады.

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанның ірі IT-білім беру алаңына айналған «Robotek Grand Tournament Astana 2026» биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы маңызды технологиялық оқиғалардың біріне айналды.

Чемпионат Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Ұйымдастырушылар қатарында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Астана дарыны» дарынды және талантты балаларды қолдау орталығы, Nazarbayev University, NU Impact Foundation және «Robotek» робототехника мектебі бар.
Жарыс қорытындысында елордалық оқушылар бірқатар негізгі санат бойынша үздік нәтиже көрсетіп, халықаралық деңгейдегі бәсекеде Астананың білім мен технология орталығы ретіндегі жоғары деңгейде дәлелдеді.

Атап айтқанда, «Жеткізуші робот» санатында І орынды Ерали Амангелдиев пен Қайсар Қуан иеленсе, Ескендір Болатхан мен Иван Крамаренко ІІІ орынға тұрақтады.

«Matrix League of Mecha-clash» санатында Глеб Листопадний, Нұрдәулет Қуандық және Амандос Әубәкіров құрамасы І орын жеңіп алды. Сонымен қатар Рустам Анас пен Олжас Шалқарбеков те чемпион атанды. Еркебұлан Зұлфикар мен Ален Бейсенбаев, сондай-ақ Артём Цхай мен Санжар Жұмабай командалары ІІ орын иегерлері атанды.

«Мерген» санатында Ерназар Ерсайын мен Садуақас Ақмұрат күміс жүлдеге ие болды. Ал «РобоБаскетбол» бағыты бойынша Алдияр Ұтыбаев пен Ақниет Қалжан ІІ орынды иеленді.

«Matrix Innovation Challenge» санатында Азамат Адайұлы, Зере Ордабай және Мұрат Әлімхан ІІ орын алса, Нұрай Қадірқұлова, Еркеназ Қадырбекова және Сабина Шулезбаева ІІІ орынға ие болды.

Арнайы номинациялар бойынша да астаналық қатысушылар жоғары бағаланды. «Үздік қыздар командасы» номинациясы Жібек Дон мен Айзере Нұрұшқа табысталды. Ал «Mecha-clash» арнайы номинациясының жеңімпаздары София Арешева мен Аделя Қайырбекова болды.

Сонымен қатар Energo University білім грантын Азамат Адайұлы иеленді.
Чемпионаттың басты жетістіктерінің бірі – жалпыкомандалық есеп бойынша «Ел Кубогының» Астана қаласына бұйыруы болды. Бұл – елордалық оқушылардың инженерлік ойлау, бағдарламалау және робототехника саласындағы жоғары дайындығы мен жүйелі еңбегінің нақты нәтижесі.

Ұқсас жаңалықтар

Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама үш алтын жеңіп алды

admin_altyalash

Елордалық каратэшілер ел біріншілігінде 15 алтын медаль еншіледі

admin_altyalash

“Ұлы дала жорығы” халықаралық марафон-бәйгесінің үшінші күні басталды

admin_altyalash