22-23 мамыр күндері Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс алаңында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген қолөнер шеберлері, этномәдени және гастрономия өкілдері қатысатын «ШеберFEST – 2026» халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді.
Ауқымды мәдени іс-шара ұлттық қолөнерді дәріптеуге, мәдени мұраны сақтауға, этнотуризмді дамытуға және өңірдің гастрономиялық әлеуетін танытуға бағытталған.
Фестиваль алаңында тері, киіз, ағаш, жүн өңдеу, зергерлік өнер мен этнодизайн бағытында жұмыс істейтін 50 шебердің туындылары ұсынылады. Келушілер дәстүрлі және заманауи сәндік-қолданбалы өнер тәсілдерімен танысып, авторлық бұйымдарды сатып ала алады. Сонымен қатар ұлттық тағамдар мен гастрономиялық дәстүрлерге ерекше назар аударылады. Қонақтарға ыстық бауырсақ пен самаурында қайнатылған шай ұсынылып, арнайы дәм тату аймақтары ұйымдастырылады.
Фестиваль аясында қала және аудан мәдениетінің күндерін қамтитын «Атырау ЭТНО FEST – 2026» этнофестивалі де өтеді. Бағдарламада ұлттық нақыштағы сән көрсетілімі, ұлттық ойындар, шеберлер мен суретшілердің шығармашылық кездесулері, тақырыптық пікірталастар және өңірдің шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламалары жоспарланған.
Сондай-ақ фестиваль барысында қолөнер саласын дамыту, ұлттық дәстүрлерді сақтау және өңірдің аграрлық-гастрономиялық әлеуетін ілгерілету мәселелері талқыланады. Мәдени бағдарлама облыс өнерпаздары мен арнайы шақырылған шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады.
Фестиваль Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Іс-шара оқиғалы туризмді дамыту, ұлттық мәдени мұраны насихаттау және Атырау облысының туристік әлеуетін республикалық және халықаралық деңгейде танытатын маңызды алаңдардың бірі саналады.
