Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарМәдениетРуханият

Шавкат Аюпов: Алтын Орда тарихы – Еуразия халықтарына ортақ мұра

«Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум аясында қатысушылар Алтын Орданың тарихи мұрасының мәдени жадыны қалыптастырудағы, тарихи сананы нығайтудағы және Орталық Еуразия елдеріндегі гуманитарлық ғылымды дамытудағы маңызын талқылады.

Пленарлық отырыста Өзбекстан Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов симпозиум тақырыбының тарихи ғылым үшін ғана емес, өңір халықтарының ортақ өткенін зерделеу тұрғысынан да айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

«Алтын Орда – ортағасырлық дәуірдегі жай ғана мемлекет емес. Бұл – дала мен қалаларды, керуен жолдары мен қолөнер орталықтарын тоғыстырған кең тарихи кеңістік. Мұнда көшпелі және отырықшы өркениеттер өзара ықпалдасып, ғасырлар бойы Орталық Еуразияның саяси, мәдени және этникалық келбетін қалыптастырды», – деді ол.

Шавкат Аюповтың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан халықтары үшін Алтын Орда тарихы ортақ тарихи тағдырмен сабақтас. Ол Дешті Қыпшақ кеңістігінде дала және оазистік аймақтардың өзара ықпалдастығы нәтижесінде саяси дәстүрлер, шаруашылық жүйелері, тілдік және мәдени ортақтық қалыптасқанын атап өтті. Бұл үдерістер өңір халықтарының тарихи болмысының негізін қалады.

Баяндамада Алтын Орда мұрасын зерттеуде ғылыми объективтілікті сақтау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Тарих Еуразия халықтарына ортақ құндылық ретінде қарастырылып, өзара түсіністік пен мәдени диалогты дамытуға, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға қызмет етуі тиіс екені айтылды.

Талқылау барысында Алтын Орда дәуірінің тарихи тәжірибесін зерделеу Орталық Еуразия халықтарының өзара байланысын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретіні және бірлескен ғылыми зерттеулер мен академиялық ынтымақтастықты дамытуға жол ашатыны атап өтілді.

Ұқсас жаңалықтар

Қызылорда өңірінде «КӨКТЕМ-2026» РКШОЖ өткізілді

admin_altyalash

Астаналық спортшы Қытайда өткен турнирде екі медаль жеңіп алды

admin_altyalash

234 келіні бағындырды

admin_altyalash