Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарМәдениет

Қазақстанда музей саласының болашағы талқыланды

ҚР Ұлттық музейінде «Қазақстан – Франция 2026» музеология форумы жұмысын бастады. Іс-шара тарихи-мәдени мұраны сақтау, музей ісін дамыту, инновациялар мен цифрлық трансформация мәселелеріне арналды.

Форумның ашылуына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Француз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге, ALIPH қорының атқарушы директоры Валери Фрелан, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісінің орынбасары, бірінші кеңесші Ааро Юлитало қатысты.

Алқалы жиын IV Халықаралық Қазақстан музей конгресінің жалғасына айналды. Форум Қазақстан, Франция, Орталық Азия елдері мен түркі әлемінен келген музей мамандарын, ғалымдарды, реставраторларды, сәулетшілерді және мәдени мұра саласындағы сарапшыларды бір алаңға тоғыстырды.

Ашылу рәсімінде Аида Балаева форумның Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өтіп отырғанын атап өтіп, оның музей саласындағы кәсіби диалогты дамыту үшін айрықша мәнге ие екенін жеткізді.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің мемлекеттік маңызын үнемі ерекше атап өтеді. Жаңа қабылданған Ата заңда мәдениет пен ұлттық құндылықтарды қастерлеу мемлекеттің басты құндылықтарының бірі ретінде айқындалды. Бұл – мәдени мұраны сақтау мен оны болашақ ұрпаққа жеткізу ісіне стратегиялық деңгейде мән беріліп отырғанының нақты көрінісі. Ал музейлер осы маңызды миссияны жүзеге асыратын негізгі институттардың бірі екені сөзсіз. Музей – өткен мен бүгінді жалғайтын киелі орын. Қазіргі кезде музейлердің миссиясы түбегейлі өзгеруде. Олар енді тек жәдігер сақтайтын орын емес, білім мен ғылымның, креатив индустриялардың, цифрлық технологиялардың тоғысқан орталығына айналып отыр», – деді Аида Балаева.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Жыл сайын еліміздегі музейлерге 6,5 миллионнан астам адам келеді. Бұл қоғамда тарихқа, мәдениетке және ұлттық мұраға деген қызығушылықтың тұрақты сұранысқа айналғанын көрсетеді.

Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге форум 2024 жылы Қазақстан Президентінің Францияға мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл алаң екі елдің музей мамандары арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

«2024 жылдан бері Франция мен Қазақстанның мәдениет мекемелері бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – Гиме музейінде өткен «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» көрмесі. Оны 70 мыңнан астам адам тамашалады. Бүгінде біздің ынтымақтастығымыз реставрация, консервация, коллекцияларды басқару, музей кеңістігін қалыптастыру және жаңа технологияларды қолдану бағыттары бойынша жалғасып келеді. Бұл форум Франция, Қазақстан және өңір мамандары арасындағы әріптестіктің жаңа бағыттарын ашатынына сенімдімін», – деді Сильван Гиоге.

Форумның негізгі бағыттарының бірі – Қазақстан мен Франция арасындағы музей саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Сонымен қатар цифрлық музей тақырыбына ерекше назар аударылды. Қатысушылар 3D-құжаттандыру, виртуалды көрмелер, жасанды интеллектіні пайдалану, музей заттарын цифрлық есепке алу және коллекцияларға қолжетімділікті кеңейту мәселелерін талқылауда. Бұдан бөлек, форум бағдарламасында материалдық емес мәдени мұраға арналған арнайы бөлім қарастырылған. Оның аясында дәстүрлі қолөнер, сондай-ақ оларды музей кеңістігінде сақтау және дәріптеу тәжірибелері сөз болады.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кетті, қаза тапқандар бар

admin_altyalash

Атырауда ауруханада екпе алған әйел қайтыс болды

admin_altyalash

ҚАНТ  ҚЫЗЫЛШАСЫНЫҢ ӨНДІРІСІ АРТЫП КЕЛЕДІ

admin_altyalash