Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарЖаңалықтарЗаң мен тәртіп

Алматыда түнгі ойын-сауық орындарына бақылау күшейтілді

Алматыда «Заң және тәртіп» акциясы аясында жастар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасып жатыр. Кезекті рейдтік іс-шаралар Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жастар ұйымдары, комьюнити орталықтары, қоғамдық кеңес өкілдері және қала Полиция департаментінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Түнгі тексерулер барысында ондаған ойын-сауық орны — түнгі және компьютерлік клубтар, барлар, кафе мен мейрамханалар қамтылды.

Әсіресе, есірткі заттарының заңсыз айналымы мен таралу деректерін анықтауға, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүруіне және өзге де құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударылды.

Рейд қорытындысы бойынша 28 компьютерлік және түнгі клубта, сондай-ақ аула аумақтарында 57 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Олардың қатарында кәмелетке толмағандарды түнгі орындарға кіргізу, жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тарту белгілері және мекеме иелері тарапынан болған заңбұзушылықтар бар.

Құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әрі түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай рейдтер бір реттік емес, жүйелі түрде өткізіледі. Түнгі ойын-сауық орындарына бақылау күшейтіліп, тексерулер тұрақты негізде жалғасады.

«Жастардың қауіпсіздігі — басты назардағы мәселе. Біз жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тартудың кез келген әрекетінің жолын кесуді жалғастырамыз. Барлық түнгі мекеме заң талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Әрбір заңбұзушылық дерегі анықталып, тиісті шара қолданылады», — деді рейдке қатысушылар.

Еске салсақ, 2026 жылдың сәуір айында өткен осыған ұқсас рейд барысында бір түннің ішінде 130-дан астам нысан тексеріліп, 200-ден аса құқықбұзушылық анықталған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Ұйымдастырушылар мекеме иелерін заң талаптарын қатаң сақтауға, ал ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылауға мұқият қарауға шақырады. Қалада жастар арасындағы құқықбұзушылықтарға мүлде төзбеушілік қағидаты қалыптасып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Салмағы 230 келі қой Қазақстанның рекордтар кітабына енді

admin_altyalash

Жошы хан туралы жазылған тұңғыш тарихи романның таныстырылымы өтеді

admin_altyalash

Түркістан облысында аудандық білім бөлімінен 530 млн теңге ұрланғаны анықталды

admin_altyalash