Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарЖаңалықтарСаясат

Қазақстан C5+1 форматында мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жаңа бастамалар ұсынды

Өткен жылдың қараша айында Вашингтонда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия – АҚШ» саммиті өткен болатын. Саммит қорытындысы бойынша қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары айқындалды.

Қол жеткізілген уағдаластықтарды жалғастыру мақсатында бүгін Ташкент қаласында Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министрлерінің C5+1 форматындағы кездесуі өтті. Қазақстан тарапынан аталған жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Іс-шараға сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік хатшысының қоғамдық дипломатия және қоғамдық байланыстар мәселелері жөніндегі орынбасары Сара Роджерс қатысты.

Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Аида Балаева Мемлекет басшылары саммиті аясында мәдени мұраны сақтау жөніндегі Бірлескен мәлімдеме қабылданғанын атап өтті. Аталған құжат мәдени құндылықтарды қорғау, музей ісі саласындағы ықпалдастықты дамыту және мәдени мұраны цифрландыру бағытында қалыптасқан көпжылдық әріптестікті нығайтуға деген ортақ ұстанымды айқындайды.

Үкімет басшысының орынбасары ынтымақтастық форматын кеңейту бірлескен жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтты. Атап айтқанда, C5+1 елдері арасында мәдениет және креативті индустриялар саласындағы өзара іс-қимылды күшейту, цифрлық жобаларды дамыту, кәсіби тәжірибе алмасуды жолға қою, туристік маршруттарды ілгерілету және халықаралық серіктестікті кеңейту мәселелері басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылуда.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азия елдері мен Америка Құрама Штаттары мәдениет министрлері кеңесінің хаттамасына қол қойды. Құжатта тараптар мәдени мұраны сақтау жөніндегі Бірлескен мәлімдеме ережелерін іске асыруға бейілділігін қуаттап, өнер, әдебиет, театр, кинематография және музыка салаларында бірлескен іс-шаралар мен фестивальдер өткізу арқылы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.

Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министрлерінің кездесуі аясында Аида Балаева Сара Роджерспен жеке кездесу өткізді. Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері, соның ішінде мәдениет саласындағы байланыстар мен жасанды интеллектке қатысты жобалар талқыланды.

Кездесу соңында тараптар C5+1 форматында өткен Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министрлері жиынында қол жеткізілген уағдаластықтар алдағы кезеңде әріптестікті одан әрі кеңейтуге берік негіз болатынына сенім білдірді.

Ұқсас жаңалықтар

Отандық Олимпиада чемпионы халықаралық аренада тәжірибесімен бөлісуде

admin_altyalash

Ұшақ апатында қаза тапқан Қазақстан азаматтарының тізімі жарияланды

admin_altyalash

Таңғалдырған «Тұрандот»

admin_altyalash