Астанада «Жас өрен» домбырашылар ансамблінің есеп беру концерті өтті. Кеште 26 жас өнерпаз қазақтың белгілі күйлерін орындап, жыл бойғы жетістіктерін көрсетті. Ансамбль тәрбиеленушілері қалалық, республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Роза Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебінің директоры Жалғас Құдайбергенұлы жас өнерпаздардың жетістігіне тоқталып, олардың бойында ұлттық өнерге деген құрметті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі зор екенін атап өтті.
«Бүгін өнерлі балаларымыздың осындай деңгейде өнер көрсетіп жатқанын көріп, қуанып отырмын. Оларға білім беріп, ұлттық өнерге баулып жүрген ұстаздардың еңбегі зор. Осындай концертті ұйымдастырып, ұлттық күйлерді насихаттап жүрген барша ұстазға алғысымды білдіремін. Балаларды өнермен тәрбиелесек, болашақта олар білікті маман болып қалыптасады. Музыкант немесе домбырашы бола ма, әлде басқа мамандықты таңдай ма – ол маңызды емес. Ең бастысы, олар ұлттық өнерді танып, домбыраны өзіне серік еткеніне мақтануы керек. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөз бар. Балалардың бойында осындай ұлттық құндылықтарға деген құрмет қалыптасқаны қуантады», – деді ол.
Ал ансамбль жетекшісі, домбыра сыныбының оқытушысы Қарлыға Ниханбаева «Жас өреннің» қалыптасу тарихы мен жетістіктеріне тоқталды.
«Мен «Жас өрен» домбырашылар ансамблін 2013 жылы құрдым. 2018 жылдан бастап №70 мектепте Роза Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебінің филиалы ашылып, ансамбль жұмысын осы жерде жалғастырды. Қазіргі уақытта «Жас өрен» домбырашылар ансамблі қалалық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, бас жүлделерді иеленіп жүр», – деді Қарлыға Ниханбаева.
Концерт ұлттық өнерді дәріптеудің және жас ұрпақтың домбыраға деген қызығушылығын арттырудың маңызын көрсетті. Осындай шығармашылық кездесулер арқылы жас орындаушылардың шеберлігі шыңдалып, қазақтың күй мұрасы мен домбыра дәстүрінің сабақтастығы нығая түседі.
