Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы салт-дәстүрін жаңғыртып, ана тілін түлетуге мүмкіндік алды. Кеңес кезеңінде құруға таяп қалған қазақ тілінің екінші тынысы ашылды десек, артық емес. Бүгінде тілімізді өз азаматтарымыз ғана емес, шетелдіктер де меңгеріп жатыр. Алайда тіл саласында әттеген-ай да аз емес. Сәбидің YouTube қарап, тілі шығатын заманда ойланатын тұстары да жетерлік. Аталған мәселелерді лингвист, PhD докторы Динара Мейрамқызымен бірге талқылаған едік.
– Сіз шетел азаматтарына қазақ тілін үйретіп келе жатқаныңызға біраз жылдың жүзі болды. Соңғы кезде шетелдіктер арасында қазақ тілін меңгеруге сұраныс артты ма, азайды ма? Жалпы, шетелдіктердің қазақ тілін үйренудегі мақсаты не: қызметтік талап па, әлде өздері қызығып оқи ма?
– Қазақ тілін үйренемін деушілердің қатары соңғы бес жылда едәуір артты. Әсіресе, шетелдіктердің тарапынан сұраныс көп. Бұл – қуантарлық жағдай. Себебі қазақ тілін үйренуге сұраныс болса, тіл үйретушілер сапалы ұсыныс жасауды көздеп, оларға арналған оқу-құралдары қайта жанданып, жаңғырып, заманауи әдіс-тәсілдерге негізделген әдістемеліктер мен құрал-жабдықтар көбейеді. «Қазақ тілін үйренудегі мақсаты не?» деген сұрағыңызға келсем, орыстілді қазақтарымыз «ұлтым қазақ, сол себепті өз тілімді үйренгім келеді» десе, ал шетел азаматтарының басым көпшілігінің уәжі қазақ еліне деген құрмет.
Халықаралық үкіметтік емес ұйымдардағы жергілікті қызметкерлердің қазақ тілін үйренуі – бұл сол ұйымның ішкі тіл саясаты. Белгілі бір мерзім аясында тілді меңгеруге бағытталған, жоспарына сәйкес болғандықтан, қызметкерлер жұмыс берушінің талабын орындайды. Сәйкесінше, ұйым қызметкерлері қазақ тілін жеке қызығушылықтан гөрі мекеменің алға қойған мақсаты болғандықтан үйренеді. Алайда көп жағдайда оқу процесінде тіл үйренушінің тілді меңгеруге деген өзіндік қызығушылығы, ынтасы пайда болып жатады. Ал бұл – өте маңызды құбылыс. Себебі өзіндік мақсаты болмай, өзгенің мақсаты үшін тіл үйреніп жүрген азаматтар жоғары нәтижеге жете алмайды. Сондықтан тіл үйрену өз қалауынан тыс болса, ұзаққа бармай, тіл меңгеруді орта жолдан тастап кетіп жатады.
Тағы бір тіл үйренушілер тобы бар, олар өздерінің жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуы үшін қазақ тілін «менталды спорт» ретінде үйренеді.
– Жаңа орыстілді қазақтар жайлы да айтып қалдыңыз. Орыстілді ересек қазақ азаматы өз ана тілін толық қайта үйренемін, курстарға жазылып оқимын десе, ол кісіге орташа есеппен қанша уақыт керек? Ал шетелдіктерге ше?
– Орыстілді қазақтар қазақ тілін осынша уақытта меңгереді, ал шетелдіктер мына уақытта үйреніп шығады деп кесіп айта алмаймын. Неге? Себебі адам тілді өмір бойы үйренуі мүмкін. Оның үстіне, әр адамның мүддесі әртүрлі. Сәйкесінше, негізгі тілдік дағдыларды үйреніп алу үйренушінің тікелей өзіне байланысты. Әрине, орыстілді ересек қазақ азаматының шетелдік азаматқа қарағанда ұлттық-мәдени кодтарды тануда өзіндік артықшылығы бар. Қазақ тілі өз ана тілі болғандықтан, тілдің табиғатын сезіп, тілдік құрылымдарды бірден түсініп отырады. Алайда бұл – орыстілді қазақ азаматтарының тілді шетелдік азаматтарға қарағанда тез меңгеріп, қазақ тілінде көсіле сөйлеп кете алады деген сөз емес. Бұл азаматтардың тілді қалай үйреніп жүруіне, тіл үйренуге қанша уақытын жұмсайтынына, шет тілді үйренуге деген қабілетіне тікелей байланысты. Біреулері шынымен де жазып, сызып, оқып, бар зейінін салып айналысып жүрсе, екіншілері бір жүгірте оқып, меңгеріп алып жатады. Сондықтан әр тіл үйренушінің тіл үйрену барысында өзіндік ерекшелігі бар деп айтар едім. Ең бастысы, тіл үйренудегі мақсат – сол тілде сөйлей алуы. Ал оған жазып, сызып, кешке дейін грамматикасын оқып отырудың қажеті жоқ. Тілдің бірнеше қызметі бар, соның ең алғашқысы – коммуникативті қызмет. Қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтарға, ең алдымен функционалды-коммуникативті қызметін атқара алуымыз қажет деп үйретемін.
– Көптен бері бізді мазалайтын сұрақтың бірі – аралас мектептердегі қазақ тілін оқыту әдісі. Оқу бағдарламасы бойынша орыс сыныптарында, аралас мектептерде қазақ тілі оқытылады. Алайда ондай сыныптарда оқитын мектеп түлектерінің қазақша еркін көсілгенін байқамаймыз. Кейін көпшілігі не оқығанымыз да есімізде жоқ дейді. Мұның себебі неде?
– Шынында да, мен де кездестіріп жүрген орыс сыныбындағы балалар қазақ тілі сабағында қазақ әліпбиінен басқа еш нәрсе түсінбей жүргенін жасырмайды. Меніңше, бұл мәселе тек «Қазақ тілі» оқу-құралдарына байланысты емес. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тілді тиімді әрі тез үйретуде үш нәрсені басты назарда ұстау қажет. Біріншісі – тілді үйрете алатын арнайы мамандардың болуы, екіншісі – заманауи әдіс-тәсілдермен құрастырылған оқу-құралдардың болуы, үшінші – үйренушінің мотивациясының болуы.
Тарқатып айтар болса, ең алдымен Қазақстандағы филологиялық білім беру ісін реформалау керек. Қазір өзге ұлт өкілдері мен шетелдіктер арасында қазақ тілінің мамандары үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бірақ бұрынғы жүйемен білім алып шыққан жас мамандар бүгінгі қоғамның талабына сай емес. Олар қазақ тілі мамандығын қазақ сыныптарына даярланған мұғалім ретінде оқып шығады. Ал бізге орыс немесе ағылшынтілді аудиторияға кіріп, қазақ тілін екінші шет тілі ретінде оқытатын, «Лингвистика: қазақ тілі» сияқты тар бейімді мамандар қажет. Нақты қазақ тілін үйрете алатын сауатты кадр дайындап алмай, біз қазіргі қоғамның сұранысына жауап бере алмаймыз.
Екіншіден, бүгінде орыс сыныптарына арналған қазақ тілі оқулықтарының «Қазақ тілі» пәні деген аты ғана болмаса, оның ішіндегі сабақтардың мазмұны тарих, биология, философия, тіпті дін тақырыбына байланысты болып келеді. Оқушы тілдің коммуникативті қызметінен гөрі сабақ үстінде көбіне когнитивті, яғни ойлау, тану бағытына ауысып кетеді де, күнделікті тұрмыста қажет шағын фразалар мен сөздерді үйрене алмайды, содан көшеге шыққанда қарапайым қазақша сөздерді айта алмайды. Қазақ тілін энциклопедияның негізінде үйретуді қою керек! Себебі өтіп жүрген тақырыптардың тапсырмалар легі белгілі бір мәтіннің мазмұнын түсіну, ақпаратты танумен шектелген. Дін демекші, орыс сыныбына арналған «Қазақ тілі» оқулығының бірінде мынадай жаттығуға кез болдым. «Адам денесінде қарнынан өткен жаман ыдыс жоқ. Адам баласы бірнеше асап жеген тамақпен шектелсе де болады. Қажет болса, қарнының үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, үштен бірін дем алып тұруға ажыратсын» (хадистен) деп келтірілген. Оқушы бұл тапсырманы аударып, түсініп алуы керек. Он жасар балаға мұндай «дінге» қатысты тапсырмалар ауыр деп есептеймін. Оның орнына қазіргі жас ақын-жазушыларымыздың еңбектерінен үзінді берсе, құба-құп болар еді.
Жалпы, оқушылар емес, ересек орыс азаматтарынан қазақ тілін неге үйренбей жүрсіз деп сұрай қалсаңыз, «егер өз тіліммен бұл елде жүріп-тұра алсам, бұл тіл не үшін қажет?», «кез келген қазақ менің сұрағыма өз тілімде, орыс тілінде жауап беріп жатса, бұл тілді мен қай жерде қолданамын?» секілді жауаптарды естиміз. Меніңше, жауаптары орынды. Себебі кез келген жаңа тілді үйрену үшін адамға мықты ынта, үнемі әрекетке итермелеп отыратын берік мотивация қажет. Ал елімізде орыстілді азаматтардың қазақ тіліне деген қажеттілігі жоқ болғандықтан, тілімізді үйренуге деген ықыластары да жоқ.
Сондықтан жоғарыда атап өткен үш «м»: маман, методика, мотивация тіл үйретуде бір-бірінсіз дұрыс қызмет көрсете алмайды. Тілді үйретуде үшеуінің берік болуы аса маңызды.
– Қазір «Болашақ» стипендиясының байқауына қатысу, мемлекеттік қызметке қабылдану үшін «Қазтестті» тапсыру керек. Егер тіл меңгеру деңгейін анықтауда «Қазтестті» IELTS-пен салыстырса, біздікінің сапасы онымен шамалас емес-ау деген ой келеді. Маман ретінде сіз не дейсіз?
– Меніңше, тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесін тест форматында өткізу адамның тілдік деңгейін нақты көрсете алмайды. Тест тапсырушы тест жүйесінің ішкі мазмұнын, техникасын үйреніп алса болғаны, ол тілді жетік білмесе де, діттеген ұпайын алып шыға алады. IELTS-ті тапсырушының тестке өздігінен дайындала алатын оқу-құралдары жеткілікті. Тесттің әр бөлімінде: оқылым, жазылым, лексика-грамматика, тыңдалымды машықтандыруға арналған оқу-құралдардың қағаз нұсқасы да, электронды нұсқасы да бар. Ал «Қазтестке» дайындайтын оқу-құралдардың электрондық нұсқасын былай қойғанда қағаз нұсқасына қол жеткізу қиын. Нақты тест орталығына хабарласып, сатып ала аласыз. Мазмұндық жағына келер болсам, бірінші «Қазтесттің» IELTS-тегідей «сөйлесу-speaking» бөлімі жоқ. Ал тілді меңгеру деңгейін анықтағанда сөйлесу бөлімінің болуы аса маңызды. Себебі тест тапсырушы сөйлеу барысында өзінің критикалық әрі креативті ойын тіл арқылы көрсетуге мүмкіндік алады. Екінші, лексика-грамматика бөліміндегі тапсырмалар легі қазақ тілінің лексика-грамматикалық ережелеріне негізделіп құрастырылған. Мәселен, әлі күнге дейін «мына сөздердің мағынасына жуық (синоним), қарама-қарсы (антоним), айтылуы мен жазылуы бірдей, бірақ мағыналары әртүрлі (омоним) сөздерді тап» секілді тест сұрағы кездеседі. IELTS-ке келер болсақ, лексика-грамматикалық тапсырмалар функционалды грамматика мен логикаға негізделіп құрастырылған. Үшінші, меніңше «Қазтесттің» тыңдалым бөліміндегі диалогтер саны мен оқылым бөліміндегі мәтіндер тым көп, олардың саны 6-дан 10-ға дейінгі тақырыптан тұрады. Зейінді бір мәтіннен екінші бір мәтінге ауыстырып отыру, тест тапсырушының когнитивті күшін қатты талап етеді. Ал IELTS-те мәтін саны аз. Толыққанды мазмұнға ие үш мәтінді оқып, тест тапсырмаларына жауап беру салыстырмалы түрде оңай.
– Соңғы жылдары қазақ отбасыларында тілі орысша шығатын бүлдіршіндер көбейді. Ата-аналар мұны YouTube-те орыс тіліндегі мультфильмдердің көптігімен түсіндіреді. «Балапан» телеарнасына көңілі толмаған бала сол «Маша және аю», «Фиксики» секілді мультфильмдерді көреді екен. Соңғы кезде ағылшынша мультөнімдердің көрермені артып барады. Содан бала өсе келе «сәлем» демейді, «привет» дейді. Бұл ұрпақты қазақша сөйлету мүмкін бе? Әдісі қандай?
– Дұрыс айтасыз, қазір «Маша және аю» секілді әртүрлі мультфильмдерге телмірген балаларымыздың тілі орысша шығуда. Себебі тілашар жасындағы балалар, яғни жеті жасқа дейінгі бала өз ана тілі мен шет тілін ажыратып жатпайды. Сәйкесінше, олар бейсаналы түрде кез келген тілдің құрылымын сіңіре береді. Осы жаста бала белгілі бір тілдің құрылымы мен сөздерін жиі естіп, көп қолданса, сол оның дүниетанымының доминантты тіліне айналады. Осы себепті өзге тілдегі анимациялық өнімдер балаларымыздың тілінің қалыптасуына әсер етеді. Қазақ балалары ана тілінде сөйлессін десек, біз балаларға қазақ тіліндегі сапалы анимацияларды ұсына алуымыз керек. Яғни, олар тілді ойлап жүріп емес, ойнап жүріп сіңіреді. Басқа жолы жоқ! Айтпағым, тілашар жастағы балаларды ұлттық өзектен шыққан образдар бейнеленген сапалы анимациялармен көбірек қамтамасыз етсек, баланы қазақша тәрбиелейміз, тілін ашамыз, танымын кеңейтеміз, бекітеміз.
Қазақша тәрбиелейміз демекші, бүгінде балаларымыздың тілінің орысша шығуының бірден-бір себебі қазіргі қазақ отбасындағы «ата-әже» институты құндылығының, қажеттілігінің төмендеуінен десем қате айтпаған болар едім. Тілі жаңа шығып, былдырлап сөйлеп жүрген баланың жанынан үнемі ата-анасының табыла бермейтіні анық. Осы орайда «ата-әже» тәрбиелік мектебі аса қажет. Себебі олар – өткен мен болашақтың алтын көпірі іспеттес. Балаларымызға нағыз тіліміздің табиғаты мен шұрайлылығын таныстыратын осы кісілер. Сондықтан ата-әжесінің тәрбиесіндегі балалар бүгінде қазақтың ертегілерін, аңыз-әңгіме, өлең, жаңылтпаштарға толы алтын көмбесінен тәлім-тәрбие алса, әлеуметтік желінің жетегінде жүрмей, тілімізді таза күйде қолданып, қазақша жатық сөйлеп кетер еді.
– Бүгінде сөз арасында орысша тіркестерді қолданбайтын қазақты кездестіру қиын болып барады. Орысша сөздерді араластырмаса, ойын жеткізе алмайтындай көрінеді де тұрады. Бұл ненің белгісі, азаматтар ақпаратты көбірек орыс тілінде алғанның салдары ма? Саф қазақ тілінің үлгісі, әлде қолданыстан ақырын ығыстырылып бара ма?
– Әлеуметтік желілерде орыс-ағылшын тіліндегі ақпараттар басым екенін айтпасақ та түсінікті. Осының салдарынан тіліміз бірінші өзінің табиғатынан, екінші тазалығынан ажырап бара жатыр. Табиғатынан дегенім, ақпаратты үнемі орыс немесе ағылшын тілінде тыңдап, естіп жүргендіктен, қазақ тілінің басты заңдылығы – үндестік заңы, яғни дыбыс жүйесі мен буын жүйесінің фонетикалық бейнесі өз қалпынан алшақтап, сөздеріміз құлаққа жағымсыз естіліп жүр. Әйтпесе, қазақ тілі – тыңдаушы үшін өте әуезді тіл.
Ал тіл тазалығына өзім екіұшты көзқарастамын. Біріншісі, қай заманда да қазақ тілі басқа тілдермен әсерлеспей, өзгеріске ұшырамай, қатып қалған тіл болған емес. Белгілі бір тарихи кезеңдерде араб, парсы, моңғол, орыс тілдерінен енген сөздер әлі күнге дейін біздің тілімізде қолданыста. Тілдің модернизациялауға ұшырау құбылысы – сол тілде сөйлейтін халықтың жаңаруға бейімделу әлеуетінің күштілігін көрсетеді. Сондықтан кейбір ағылшын сөздерінің күнделікті диалог, әңгімелерімізден орын алуы – қалыпты құбылыс. Мысалы, «пранк», «промоушн», «кредит картасы», «дисконтты карта», «бренд», «тренд», «батл» «онлайн», «оффлайн» секілді сөздер қазақ тілінің қолданысына еніп жатыр.
Екіншісі, күнделікті сөйлесу барысында сөздердің қазақ тіліндегі баламасымен қатар орыс тілінің қысқа сөздері қатар қолданылып жүр. Олар: так, вот, и, но, уже, ещё және орыс тілінің кез келген етістігі мен қазақтың көмекші етістігі «етті» сөзі. Мысалы, «позвать етті», «приглашать етті», тағы басқа. Енді бұл сөздерді жиі естігендіктен, тіліміздің құрылымына оңай еніп кеткен. Олардың қолданыс аясын кеңейтіп жүрген өзіміз. Сондықтан тұрмыста, жұмыста әңгімемізге, сөйлеу процесіне осы сияқты паразит сөздерді қыстырмай сөйлеуді қолға алуымыз тағы да өзімізге байланысты!
– Әңгімемізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлихан ИСМАН