Әне-міне дегенше жаз мезгілінің бірінші айында орталап қалдық. Иә, жаз басталса бітті жұмысы қауырт төтенше жағдай мен суда құтқару қызметі мамандарының тыным таппайтыны белгілі. Себебі аптап ыстық күшіне мініп, қарға екеш қарғаның миын қайнатқан күн тіршілік иелерін сабат жер іздеуге мәжбүр етуде. Мұндайда адамдар суға түскенді қолайлы көреді. Ал оның соңы қайғымен аяқталатын жағдаяттарға жол бермеу үшін сақтық шараларын өз деңгейінде ұстанған абзал.
Жоққа шығаруға болмайды, жыл сайын жазғы суға шомылу маусымында азаматтардың суға кету фактілері орын алып жатады. Су – тіршілік көзі. Дейтұрғанмен, оның тілсіз жау екенін естен шығарып жататын жандар бар. Жағымсыз статистика, жазғы су маусымында аудан аумағында 2020 жылы суға кету жағдайынан 5 адам қаза болса, өткен жылы 3 суға кету жағдайы тіркеліп, салдарынан 4 адам (оның үшеуі бала) қаза тапты.
Сараптаулар көрсеткендей, мұндай қайғылы жағдайға адамдар көбінесе суға түсуге болмайтын жерге түсу, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балаларды суға түсу кезінде қараусыз қалдыру, суға мас күйінде түсу кезінде ұшырайды. Сонымен қатар суға шомылу қауіпті жерлерде ескерту белгілерінің толық орнатылмауы, талаптарға сай жағажайлар мен құтқару жасақтарының болмауы, су айдындарында бақытсыз жағдайлардың көбеюіне ықпал етіп отыр.
Жоғарыда аталғандарды негізге ала отырып жуырда Бәйгеқұм ауылы, Ханқожа көлінде «Шиелі» трассалық медициналық құтқару пункті мен аудан әкімдігі және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ерікті жастарын жұмылдыру арқылы оқу-жаттығу өткізілді. Іс-шара барысында зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету тәсілдері практикалық тұрғыда көрсетіліп, тұрғындарға алғашқы дәрігерлікке дейінгі медициналық көмектің маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ Ханқожа көлінде арнайы қайықтармен судағы қауіпсіздік шараларын сақтау және азаматтардың қаза болу оқиғаларын болдырмау мақсатында рейдтік жұмыстар жүргізіліп, арнайы әзірленген үн парақтарды тарату арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Бәрін айтта, бірін айт, 6-маусым күні сегіз жасар бала Әділжан Мақсатұлы «Ханқожа» көлінде әкесімен суға түсу кезінде абайсызда суға тұншығып қалған. Оны әкесінің досы Ғабит Әбдіқадырұлы құтқарып алып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» Қызылорла облысы бойынша филиалы «Шиелі» трассалық медициналық құтқару пунктіне жеткізген. Құтқару пунктің қызметкерлері аудандық ауруханаға дер кезінде алып келген. Қазіргі таңда жағдайы жақсы.
P.S.: Жаз шықса-ақ су жағалап, тау сағалап кететін демалысшыл, думаншыл елдің бәрінен бұрын қауіпсіздігі маңызды. Жаздың жаймашуақ күнінде суға шомылу керек-ақ. Бірақ мынаны ұмытпаңыз, сауатты демала білген де өнер. Сол үшін сақтық шараларын өзіңіз үшін сақтаңыз.