«Мұнаралы әр жерде Мешіт болған бұл ағаш, Шеберлердің қолында, Кәсіп болған бұл ағаш» деп жыр дүлділі Қашаған кезінде сонау бір Есқали сұпының «бұл не қылған қу ағаш, қайдан келді бұл ағаш?!» дегеніне қарсы ағаштың қадір-қасиетін айтып осылайша жыр төккені бар еді. Бүгінде сол ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, қазақтың осы бір өнерін дамытып, бабалардың өнегелі жолын жалғаған қолөнер шеберлері аз емес. Сондай ұлттық өнерді ұлықтаған кейіпкеріміз – Нұртөре Есболұлы.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары ішінде мақсатын айқындап, қадамын нықтап кәсіпкерлікке бет бұрғандардың қатары артып келеді. Ағаштан түйін түю үшін ең әуелі ынта-жігер мен ептілік қажет. Ал бүгінгі кейіпкеріміз ағаштан ою ойып, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген шебердің бірі. Бабадан қалған текті өнерді бүгінге дейін жаңғыртып келе жатқан ісмер Шиелі кентінде тұрады. Ол бүгінде ағаштан жасалған түрлі бұйымдарды өз қолымен өрнектеп, тұрмысқа қажетті барлық жиһаз түрлерін жасап оны табыс көзіне айналдырып отыр. Нұртөренің кішігірім шеберханасында бүгінде көптеген жиһаз түрлері бар. Тұрмысқа қажетті дүниелерді ол Еуропалық және Американдық үлгіде жасайды. Шебердің қолынан шыққан әрбір жиһаз бүгінде аудан орталығындағы сауда орталықтарында, мейрамханаларда, көптеген өнеркәсіп дүкендерінде көрініс тауып тұр. Көздің жауын алып, түрлі өрнектермен безендірілген мұндай жиһаз түрлері бүгінде брендке айналған. Бренд демекші, жеті қырлы бір сырлы кейіпкеріміз алдағы уақытта отандық үлгідегі жиһаз түрлерін жасап шығармақ. Сондай-ақ оған бұл шеберлік қабілет арғы аталарынан берілгендігін айта кеткен жөн. «Адамның мықты болып жаратылуы атадан» деген сөзге бүгінгі кейіпкеріміз дәлел.
–Мен ағаштан жасалған түрлі бұйымдарды жасау арқылы өз жолымды таптым. Бұл істі алғашындажәй хобби ретінде бастағанмын. Бастапқыда ағаштан түрлі сандықтар, қобдишаплар жасап үйрендім. Мен ол кезде оқушы едім. Кейіннен бұл іске қызығушылығым артып, түрлі бұйымдар жасай бастадым. Сондай-ақ өз үйіме керекті дүниелерді өз қолыммен жасауды әдетке айналдырдым. Ер жеткен соң Алланың берген бекзат өнерін арғы қарай дамытуды жөн санап, кішігірім шеберхана ашып өз кәсібімді дөңгелеттіп. Қазіргі таңда аудан халқы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасап, ел игілігі үшін жиһаз түрлерін жасауды мақсат тұттым. Менің басты арманым – өз қолымнан отандық үлгідегі жиһаз жасап шығару. Өйткені, халықтың өзімізіден шыққан дүниелерді қолданып, тұтынғанын қалаймын. Маған өз ісім рахат сыйлап, көңіліме жайлылық орнатады. Әрбір азамат өмірінде өзінің қолынан келетін істі тауып, оның шебері, маманы, майталманы болуы керек. Оған жету үшін әрбір адам өзін-өзі дамытып, белсенді болуы керек, алға ұмтылуы керек, – дейді шебер.
Жазу өнерінде «жақсы жазатын адам жақсы жазбайды, жақсы ойлайтын адам жақсы жазады» деген бар. Бұл тек қолына қалам ұстағандардың ғана емес, сондай-ақ кез-келген істің шебері боламын деушілерге де қатысты айтылған тұжырым. Біз сұқбаттасқан ағаш шебері ой-қиялы бар, ұлттық қол өнеріміздің мерейін көтеріп жүрген іскер қолөнерші екендігіне көз жеткіздік. ұстаның әрбір жұмысына сәттілік тілейміз.