Солтүстік Қазақстан облысында кейбір мұғалімдер жалған дипломмен жұмыс істеп келгені анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады. Бір жыл ішінде 80 жалған құжат сатып алу дерегі тіркелген.
Жоғары білім туралы жалған құжаттарды пайдалану деректерінің жиілеуіне байланысты 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы осы санаттағы қылмыстық істерге талдау жүргізді. Облыс прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұловтың айтуынша, өңірде ай сайын жалған диплом пайдаланудың кем дегенде алты дерегі тіркеледі.
Мәселен, былтыр қазан-қараша айларында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімі мектеп мұғалімдері жұмысқа орналасқан кезде жалған диплом ұсынғаны үшін сотқа дейінгі тергеу бастаған. Ұстаз-сымақтардың қолында Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің және Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтының «дипломдары» болған. Олар «әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» және «орыс тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша білім алыпты-мыс. Алайда тергеу анықтағанындай, күдіктілер аталған жоғары оқу орындарында мүлдем оқымаған.
Жалпы, былтыр осындай 80 дерек анықталған. Бірақ мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылған. Бірақ адамдар ақталмайды, бәрі бір қылмыс жасады деп саналады.
Жалған құжат ұсынған «мұғалімдер» жұмыстан босатылды. Бұған Еңбек кодексінің 52-ші бабы негіз болған. Яғни, қызметкердің еңбек шартын жасасу кезінде көрінеу жалған құжаттарды ұсынуына байланысты деген бап басшылыққа алынған.
«КӨШ БАСЫНДА» – КӨКШЕТАУ
Прокурорлар анықтағанындай, негізінен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің педагогика және бастауыш білім әдістемесі, орыс тілі мен әдебиеті, туризм, мектепке дейінгі білім және тәрбие, физика және математика, химия және биология, еңбек технологиясы және кәсіпкерлік, кәсіптік білім, дене шынықтыру және спорт, музыка, информатика мамандықтары бойынша жалған дипломдар жиі ұсынылған. Сонымен қатар Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің педагогика және психология мамандығы мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтының дене шынықтыру және спорт, әрі С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті мамандықтарының жалған дипломдары да жиі жолығады.
Қадағалау органы мамандарының айтуынша, жалған құжат жасаған адамдарды анықтау қиындық туғызғанымен, оны қолданған адамдарды анықтау оп-оңай.
«Мүмкін бұл адамдар шын мәнісінде дарынды шығар. Дегенмен олар белгіленген бағдарлама бойынша білім алмаған. Оның үстіне, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Қандай білім сапасы туралы сөз болуы мүмкін? Әрі бұл бірді-екілі оқиға емес», – деді Мұрат Қожамқұлов. Сондықтан прокурорлар солтүстікқазақстандықтарды жалған құжат үшін қандай жауапкершілік қолданылатынынан кеңінен хабардар етуде. Бұл әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік те, айыппұл да қарастырылған.
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде куәлікті немесе өзге де ресми құжатты қолдан жасағаны үшін ғана емес, сондай-ақ көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін де жаза қарастырылған. Ол үшін бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзету жұмыстары, не жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы немесе қырық тәулікке дейін қамауға алу арқылы жаза көзделген», – дейді облыс прокурорының орынбасары.
ДҮНИЕ – ЖАЛҒАН
Өмірдің шындығы сол, бұл жаңалыққа таңырқай қойғандар шамалы. Солтүстік қазақстандықтардың көпшілігі өңірде жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мамандар көп, тіпті мектеп директорлары да бар деген пікірде. Медицина саласына да тексеріс жүргізуді ұсынушылар бар. Себебі жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген дәрігерсымақтар науқасты емдеудің орнына ауруына ауру жамап береді деген күдіктері басым. Сондықтан емханаға барғанша, халықтық тәсілдермен емделуді жөн көретіндер де баршылық. «Жалған дипломды хирургты елестетудің өзі қиын», – дейді Александра Козлова.
Мұғалімнің дипломын сатып алғандарды да емдеу керек деушілер бар. Еліміздің ертеңі – балаларға білім мен тәрбие беріп жүрген мұғалімдердің сиқы осы болса, келешегіміз қандай болмақ? Осындай күмәнға батып отырғандардың қатары қалың.
Петропавлдық Анатолий Турин солтүстіктегі әр деңгейдегі әкімдердің 90 пайызының дипломы Көкшетау университетінікі екенін аңғарыпты. «Өздеріңіз қарап көріңіздер, шенеуніктердің 90 пайызы Көкшетау, Уәлиханов университеттерін тәмамдаған. Неліктен осы сұрақ ешкімді қызықтырмайды? Олар мемлекетті басқарып жүр ғой. Мұғалімдерден қылмыскер жасағанша, неліктен мемлекеттік қызметшілердің дипломдарын тексермеске? Мұғалімдер – терроршы, ал шенеуніктер сүттен ақ, судан таза ма сонда?», – дейді ол.
Кейбір жалған диплом иегерлері төрт жыл қағаз кеміргендерге қарағанда дарынды екенін айтып, оларды ақтауға тырысушылар да кездеседі. Жалған диплом жасаудың алдын алу үшін бұрынғыдай сырттай оқуды қалдыру керек деген ұсыныс көп. Сондай-ақ жалған диплом үшін жауапкершілікті қатаңдату керек деген де пікір жоқ емес. «Жалған диплом жасағандарды табу мүмкін емес, ал қолданғандарға жаза жұмсақ. Сондықтан жалған құжат қолданудан ешкім қорықпайды. Бұл үрдіс жалғаса береді», – дейді петропавлдық Олег Лобов.
Петропавлдық Ирина Кожова «бізде бәрі де: азық-түлік те, дәрі-дәрмек те, киім-кешек те – барлығы жалған, айнала алаяқтық» деген пікірде. Кеңінен толғасақ, дүние – жалған.