Биыл да әдеттегідей спорттық оқиғаларға толы жыл болмақ. Спорт жанкүйерлері 2023 жылы Олимпия ойындары секілді ірі жарыстарды тамашалай алмаса да, Париждегі додаға жолдама беретін бірқатар тартысты бәсеке мен жекелей спорт түрлерінен ұйымдастырылатын әлем чемпионатына куә болады. Одан бөлек, ел қоржынына жүлде салатын жарыстар аз емес. Солардың бірі – Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары. Сонымен қатар қазақстандық футбол жанкүйерлері былтыр Ұлттар лигасында ерлік жасаған Қазақстан ұлттық құрамасының Еуро-2024 додасының іріктеу матчтарындағы өнерін тамашалайды.
ҚАҢТАР. Қазақстандық спортшылар 2023 жылдың шымылдығын санаулы күндерден кейін АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында алауы тұтанатын XXX Қысқы Универсиада ойындарымен ашады. 12-22 қаңтар аралығында ұйымдастырылатын студенттер сайысында әлемнің 50 елінен келген 1500-ге тарта спортшы спорттың 12 түрінен 86 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Осыдан төрт жыл бұрын Красноярскіде жалауы желбіреген додада жерлестеріміз 4 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған еді.
16-27 қаңтар аралығында бокстан Қазақстан құрамасының 22 жасқа дейінгі былғары қолғап шеберлері Тайландтың бас шаһары – Бангкокте өтетін Азия біріншілігіне қатысады. Сондай-ақ 16 қаңтардан бастап Елена Рыбакина, Александр Бублик бастаған теннисшілеріміз «Үлкен дулыға» санатындағы жылдың ең алғашқы жарысы – «Аустралия оупен» додасында бақ сынайды.
АҚПАН. Ақпан айының басында теннистен ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы 2023 жылғы әлем чемпионатының финалына берілетін жолдама үшін Чили спортшыларымен кездеседі. Бәсеке 4-5 ақпан күндері Чилиде өтеді. Дэвис кубогінің іріктеу матчтары төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады. 8-19 ақпан аралығында Германияның Обергоф қаласында биатлоннан әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Сондай-ақ ақпанда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жолдастық матч өткізуді жоспарлап отыр.
НАУРЫЗ. Наурыз айында әдеттегідей футболдан Қазақстан Премьер-лигасы басталады. Еліміздің 14 қаласында ішкі біріншілік ойындары өтіп, футбол маусымы ресми түрде ашылады. Айдың алғашқы күндерінде (2-5 наурыз) Нидерландтың Херенвен қаласында конькимен жүгіру спортынан әлем чемпионаты өтсе, 20-26 наурыз аралығында Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаушылардың әлемдік додасы ұйымдастырылады. Оған қазақстандық спортшылар да қатысады деп күтілуде. Ал 23 наурызда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы ойынын елордада Словения құрамасымен өткізеді. Кейіннен араға үш күн салып Дания футболшыларын қабылдайды.
СӘУІР. Сәуір айында теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогі турнирінің іріктеу сатысында Польша құрамасымен шеберлік байқасады. Аталған матч 14-15 сәуір күндері Қазақстанда өтеді. Жеңген команда финалдық кезеңге жолдама алады. Іріктеу матчы төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады.
МАМЫР. Бұл ай спортшылар үшін де, жанкүйерлер үшін де қызықты болмақ. Өйткені мамырда бірнеше әлем чемпионаты өтеді деп жоспарланған. Мәселен, 1-14 мамыр аралығында Өзбекстан астанасы – Ташкентте бокстан ерлер арасындағы әлем біріншілігі ұйымдастырылса, дзюдошылар 7-14 мамыр аралығында Қатардың бас шаһары – Дохада бас қосады. Ал 12-28 мамырда Тампере (Финляндия) мен Ригада (Латвия) шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді.
Сонымен қатар осы айда қазақстандық «Астана» велокомандасы Италиядағы әйгілі «Джиро д’Италия» көпкүндігіне, теннисшілеріміз 28 мамыр мен 10 маусым аралығындағы «Ролан Гаррос» (Париж) додасына қатысады. 31 маусымда футболдан Еуропа лигасының финалын тамашалаймыз.
МАУСЫМ. Маусымда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 іріктеу сайысындағы кезекті тур ойындарын өткізеді. 17 маусымда сырт алаңда Сан-Марино, 20 маусымда Солтүстік Ирландия құрамаларымен кездеседі. Сондай-ақ бұл айда Конференция лигасының (Прага, Чехия), Чемпиондар лигасының (Ыстанбұл, Түркия) және Ұлттар лигасының төрттік финалы өтеді.
ШІЛДЕ. Қазақстандық футбол клубтары Еуродода ойындарының іріктеу матчтарын бастайды. «Ақтөбе», «Тобыл», «Ордабасы» командалары Конференция лигасындағы жорықтарын бастаса, ізін ала «Астана» командасы Чемпиондар лигасындағы ойындарын өткізеді. Шілденің басында әдеттегідей «Тур де Франс» велокөпкүндігі ұйымдастырылады. Жарысқа «Астана» командасы да қатысады. Сондай-ақ 3-16 шілде аралығында теннистен «Уимблдон» додасы өтеді. Естеріңізде болса, былтырғы жарыста Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жеңімпаз атанған болатын. Сонымен қатар шілденің соңына қарай су спорты түрлерінен (Фукуока, Жапония) және садақ атудан əлем чемпионатының (Берлин, Германия) жалауы желбірейді.
ТАМЫЗ. Тамызда да спорт жанкүйерлері үш бірдей әлем чемпионатының куәсі болады. 19-27 тамыз аралығында Мажарстанның бас шаһары – Будапеште жеңіл атлетикадан әлемдік доданың алауы тұтанса, 23-27 тамызда Испанияның Валенсия қаласында көркем гимнастикадан әлем біріншілігі өтеді. Ал 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында баскетболдан әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Өкінішке қарай, соңғысына Қазақстан құрамасының спортшылары қатыса алмайды. 28 тамыз – 10 қыркүйекте теннисшілеріміз «Үлкен дулыға» санатындағы US Open турниріне қатысады.
ҚЫРКҮЙЕК. Бұл айда қазақстандық спорт жанкүйерлері Қытайдағы дүбірлі додаға көз тігеді. Өйткені Ханчжоу қаласында 2023 жылдың басты бәсекесі – жазғы Азия ойындары өтеді. Бұл – Париж Олимпиадасы алдындағы спортшыларымыздың шамасын байқайтын сәт. Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында ұйымдастырылады. Сондай-ақ қыркүйекте велоспорттан ең ірі үш гранд-турдың соңғысы – 21 кезеңнен тұратын «Испания Вуэльтасы» басталады. Сонымен қатар бұл айда ауыр атлетикадан (Эр-Рияд, Сауд Арабия), ескек есуден (Белград, Сербия) және күрес түрлерінен (Белград, Сербия) әлем чемпионаттары өтеді.
Футболдан Қазақстан құрамасы қыркүйекте Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында екі матч өткізеді. 7 қыркүйекте Финляндия құрамасын қабылдаса, 10 қыркүйекте Солтүстік Ирландия футболшыларымен жасыл алаңда жолығады.
ҚАЗАН. Қазан айында футболшыларымыз Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі тағы екі ойынын өткізеді. 15 қазанда Магомед Адиев шәкірттері Данияға сапар шексе, 18 қазанда Финляндия құрамасымен ойнайды.
ҚАРАША. Бұл айда теннистен ерлер және әйелдер құрамамыз Билли Джин Кинг және Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне қатысуы мүмкін. Ол үшін жерлестеріміз жыл басындағы іріктеу сайыстарында сәтті өнер көрсетуге тиіс. Әйелдер арасындағы финал матчтары 8-13 қарашада Шотландияның астанасы – Глазгода, ерлердің финалы 22-26 қарашада Испанияның Малага қаласында өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ қарашада футболшыларымыз Еуро-2024 додасының іріктеу кезеңін аяқтайды. 17 қарашада жерлестеріміз Астанада Сан-Марино құрамасымен кездессе, 21 қарашада сырт алаңда Словениямен жылды қорытындылайды.
ЖЕЛТОҚСАН. Әдеттегідей желтоқсан айы басталысымен 2023/2024 жылғы қысқы спорт маусымы ашық деп жарияланады. Бұл айда шорт-трек, конькимен жүгіру, биатлон және шаңғышылардың Әлем кубогі кезеңдері шымылдығын түреді. Сондай-ақ жыл бойы жекелеген және командалық сында ел намысын қорғайтын спортшыларымыз түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатысады.